Ұжымдық шарт – еңбек қатынасының маңызды құралы

Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің диалог алаңында ұжымдық шарт жасасу жөніндегі комиссия өкілдері үшін “Ұжымдық шарт – әлеуметтік әріптестік құралы” тақырыбы бойынша тақырыптық сабақ өткізілді.

Спикерлер ретінде “Павлодар облысының еңбек басқармасы” ММ басшысының орынбасары М.Қабжамитов, Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің татуласу орталығының жетекшісі, медиатор М.Иванова сөз сөйледі.

“Қазіргі уақытта Павлодар облысының кәсіпорындарында 6657 ұжымдық шарт жасалды, оның ішінде ірі және орта кәсіпорындарда – 302, мемлекеттік кәсіпорындарда – 1210, жеке меншік нысанындағы кәсіпорындарда – 5189. Тек 2021 жылы ғана жаңадан жасалған 700 ұжымдық шарт бойынша мониторинг жүргізілді”, – деп атап өтті М.Қабжамитов өз сөзінде.

Кездесуге қатысушылар ұжымдық шарт жасасу, ұжымдық шарт жобасын қалыптастыру, оның редакциясына қажетті және балама шарттарды енгізу, еңбек заңнамасында көзделгендерден басқа қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктер беру, ұжымдық шартқа қосылу тәртібі, ұжымдық шартқа әзірленетін қосымшаларды айқындау, ұжымдық шарт жасасу бойынша еңбек заңнамасы бұзылған жағдайда әкімшілік жауапкершілік жөніндегі комиссия құру тәртібімен егжей-тегжейлі танысты.

Татуласу орталығының басшысы М.Иванова диалог алаңына қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Кездесуге қатысушылар ұжымдық шартқа қосылу тәртібін бұзудан туындайтын еңбек даулары бойынша сот практикасымен таныстырылды.

Диалог алаңының қорытындысы бойынша тыңдаушылар ұжымдық шартты қабылдау бойынша жұмыс тәжірибесінде туындайтын сұрақтарға жауап алды.