Ағымдағы жылдың 11 желтоқсаны күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және халыққа қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ Орталық кеңесі және «Қызмет» кәсіподағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының атқарушы комитеті бірлесіп Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына экскурсия ұйымдастырды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі кәсіподағының мүшелері, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша “Қызмет” салалық кәсіподағының өкілдері, сондай-ақ “Қызмет” кәсіподағының мүшелері, барлығы 60-тан астам адам қатысты.
Елбасы кітапханасы-Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ақпараттық-идеологиялық кешені, ол кітапхана, мұрағат, мұражай, ғылыми-зерттеу және мәдени-білім беру орталығы қызметін атқарады. Кітапхана музейінде Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметі арқылы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін ашып көрсететін бірегей экспонаттар қойылған.
Ғимарат елорданың бірегей жаңа құрылыстарының бірі болып табылады. Ғимараттың бірінші қабатында мұражай экспозициялары, көрме залдары, мұражай қорларының қоймасы, кітапхана, екінші қабатында іс – шараларды өткізуге арналған 2000 орындық көпфункционалды зал, үшінші қабатта – коворкинг орталығы мен әкімшілік кеңселер орналасқан. Елбасы кітапханасы заманауи электронды-мұрағаттық инфрақұрылымға және ұлттық мәдени-тарихи игілікті құрайтын бірегей ақпараттық ресурстарға ие.
Іс – шара барысында қонақтарға еліміздің қалыптасуы мен дамуына арналған түрлі экспозициялар-Елбасы кітапханасының музей, архив және кітапхана қорларынан құжаттар, бейнехроника, фотосуреттер және басқа да бірегей экспонаттар ұсынылды.
Қатысушылар “Қызмет” салалық кәсіподағының басшылығына және кітапхана қызметкерлеріне осы іс – шараны ұйымдастырғаны үшін үлкен алғыстарын білдіріп, Елбасының өмірбаянымен жақынырақ танысуға, оның еңбек және саяси жолының қызықты фактілері туралы білуге, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы маңызды рөлін ашуға мүмкіндік бергенін атап өтті.