Жезқазғанда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аталып өтті

Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап мерекелік кездесу ұйымдастырды.

Салтанатты жиынды өз құттықтауымен ашқан Төраға Марат Қоңырбаев:
–Сан ғасырлық бұралаң бұлтарыс пен тар жол тайғақ кешуді бастан өткерген қазақ халқының тарихында алтын әріптермен қашалған ең үлкен жеңісі мен жетістігі – ол Тәуелсіздік. Осыдан 30 жыл бұрын қазақтың шаңырағы тіке көтерліп, керегесі кеңейді, өз еншісі өзіне бұйырды. Аз-кем уақыттың ішінде төрткүл дүниемен терезесі теңескен егеменді еліміздің бүгінгідей баянды ғұмыр кешуінде әрқайсыңыздың ерен еңбегіңіз жатыр. Сіздер еңбек жолы азат елмен бірге өрілген, өз мамандығының «отымен кіріп, күлімен шыққан» жансыздар. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық әлеуеттің арттыру жолында еткен еңбектеріңіз бен төккен терлеріңіз үшін алғыс білдіремін, – дей келе кәсіподақ белсенділерін марапаттады.

Марапат төрінен табылған Жезқазған жоғары политехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Бейсенкүл Жақаева мен № 13 жалпы орта білім беретін мектебінің орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Жұпар Дәуренбекова білім беру жүйесін дамытуға және өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім берудегі қол жеткізген табыстары үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын, «Сәтбаев қаласының білім бөлімі» ММ бас маманы Салтанат Айжанова, Жезқазған музыкалық колледжі директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Қасиет Шәкенова, Ұлытау аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Қанат Жылқыбаев, Жезқазған гуманитарлық колледжінің қазақ тілі және әдебиеті, өзін-өзі тану пәндерінің оқытушысы Гүлнәр Серікбаева ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатын иеленді.

Кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін тағайындалатын «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен Күлпаш Мұқашева, Гүлзат Рахметова, Гүлмира Трахпанова, Жанар Әбеуова, Бақытгүл Әлмағанбетова, Қызғалдақ Қадырсызова, Мархаббат Оразбаева марапатталды. Ал, Ляззат Күнеділова Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен еленді.

Сонымен бірге, Марат Сейілбекұлы саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған әріптестерімен бірге теміржол мен мемлекеттік салада абыройлы еңбек етіп жүрген жерлестер Лаура Дүйсен мен Айгүл Ақпановаға облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.