Шиелі ауданының кәсіподақ белсенділерінің басқосуына Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Айтбай Жандарбеков, аудандық бөлімдер мен ауылдық округі әкімі аппараттарының басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, кәсіподақ мүшелері және «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Сәуле Тұрсынбаева, облыстық кәсіподақ комитетінің заңгері Кеңес Махамбетов қатысты.
Облыстық филиал төрайымы С.Тұрсынбаева қатысушыларға «Қызмет» салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалында атқарылып жатқан жұмыстар мен кәсіподақ жаңалықтарын таныстырып, кәсіподақ мүшесінің заңды құқығы мен әлеуметтік мүддесі ұжымдық шарт негізінде қорғалатыны, еңбек қатынастарын реттеудегі басты құжат – ұжымдық шартқа жалақысы сақталатын демалыс беру, еңбеккерлерге материалдық көмек көрсету, еңбек қатынастарына байланысты жұмыс берушінің актілерін шығару кезінде кәсіподақ ұйымының пікірін ескеру т.б. ұсыныстарды қосу қажеттілігін айтты.
Сонымен қатар, кәсіподақ заңгері К.Махамбетов жеке еңбек дауын шешу жөніндегі келісу комиссиясын құру және оның жұмыс тәртібі, келісу комиссиясында қаралатын мәселелер туралы түсіндірді. Еңбек қатынастары, келісу комиссиясы туралы сұрақтарға жауаптар берілді. Кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына «Бастауыш кәсіподақ ұйымының Ережесі», «Жеке еңбек дауын шешу жөніндегі келісу комиссиясы туралы Ереже. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес туралы Ереже. Еңбек қорғау жөніндегі техникалық инспектор туралы Ереже» брошюралары таратылды.
Кездесуде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қызмет» салалық облыстық кәсіподағының Құрмет грамотасымен Тұран ауылдық округінің әкімі Болат Баймағанбетов, Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің сектор меңгерушісі Зауре Жүсіп, Майлытоғай ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкері Айгүл Еділова, Алғыс хатымен Шиелі аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің әдіскері Әсел Жұмабекова, Ортақшыл ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Гүлжазира Құдиярова, Жұмыспен қамту орталығының қызметкері Жалғас Есмұхамедов марапатталды.
Бүгінгі күнде Шиелі ауданында салалық кәсіподаққа қарасты 26 бастауыш кәсіподақ ұйымы, 331 кәсіподақ мүшесі бар.