Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 жыл еңбек өтілі бар еңбек адамдары марапатталды

Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Шараға салалық және жергілікті кәсіподақ филиалдарының жетекшілері мен бастауыш ұйым мүшелері, еңбек ардагерлері қатысты.

Жиында облыстық аумақтық бірлестігінің жетекшісі Алтынбек Әмірғалиев ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің атынан жиналғандарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.

Ең алдымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен Т.Алдабергенов, Қ.Коктов, Б.Омаров және Б.Каукаков марапатталды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ ардагері» медалі Бердіғали Айтпембетов пен Райхан Кажниязоваға табысталды. ҚРКФ «Еңбек озаты» медалімен Ғаділбек Бисенғалиев марапатталды. ҚРКФ Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты кәсіподақ жұмысындағы белсенділігі мен ұзақ жылдарғы жемісті еңбегі үшін бір топ еңбек адамына табысталды.

Сонымен қатар, салтанатты мерекелік шарада әр салада тура 30 жыл бойына тапжылмай табанды әрі жемісті еңбек еткен еңбек адамдарына құрмет көрсетілді. Оларға орталық төрағасы атынан алғыс хаттар мен қаржылай сертификаттар табыс етілді.

«Тірегі – тұрақтылық, тілегі – татулыққа негізделген қазақ елін күллі әлем бейбітсүйгіш, ынтымақты ел ретінде мойындады. Осы уақыт аралығында еліміздің қиын кезеңдерден өтіп, іргетасының мығым болуына сіздер де үлес қостыңыздар. Еңбек адамының мүддесін қорғау жолындағы еңбектеріңіз табысты болсын», – деп атап өтті А.Әмірғалиев.

“Еңбек адамының дәрежесін көтеріп, денсаулық, білім, мәдениет, спорт, өндіріс, мұнай, т.б. салаларда жемісті еңбек етіп, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына ерекше үлес қосып жүрген еңбеккерлерге осындай ілтипат көрсетудің үлкен тәрбиелік мәні бар”, – деп атап өтті салтанатты шараға қатысқан кәсіподақ саласының ардагерлері.