«Тұзкөл-Мұнай Газ Оперейтинг» серіктестігінде тарихи сәт орын алды. Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі алаңында жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін Ұжымдық шартқа қол қойылды.
Құжаттың ресми түрде қол қойылу рәсіміне аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысы Төреахмет Жолымбетов, «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» Қызылорда облыстық филиалы төрайымы Алтынхан Искакова, серіктестік басшылары мен кәсіподақ ұйымы төрағалары және кәсіподақ мүшелері қатысты.
Жұмыскерлер мүдделерінің шеңберін кеңейту мақсатындағы өзара келісімді «Тұзкөл-Мұнай Газ Оперейтинг» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрмұхамед Әбдікәрімов, Басқарма Төрағасының орынбасары Чжан Бинь, «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ жергілікті кәсіподағы төрағасы Бақытжан Мұқашева мен «Тұзкөл-Мұнай Газ Оперейтинг» ЖШС қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Сержан Айтасов қол қою арқылы ресми түрде бекітті.
Мұнай саласында қызмет жасайтын кәсіпорында бүгінде 200-ден аса жұмыскер жұмыс істейді, компанияда 2 кәсіподақ ұйымы құрылған. ҚР Еңбек заңнамасына сәйкес жұмыскерлердiң өкiлдерi келісім жасасу комиссия жұмысына қатысу, ұжымдық шартты талқылау және қол қою үшiн бiрыңғай өкiлдi орган құрды. Заңнамаларға сәйкес Ұжымдық шарт жобасы ұйым жұмыскерлерінің талқылауында болып, 16 желтоқсан күні құжат жобасы жұмыскерлер ортасында кеніш басында бірауыздан мақұлданды.
Компания жұмыскерлерінің әлеуметтік-еңбек ахуалы бойынша тарихи сәтке айналған бүгінгі рәсімге куә болған аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысы Төреахмет Жолымбетов компания басшылығы мен жұмыскерлерге құттықтауларын білдірді.
Айта кету керек, «Тұзкөл-Мұнай Газ Оперейтинг» серіктестігінде тараптардың келісіміне қол жеткізілуі біршама уақытқа созылып, мәселе аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ұсынымымен еңбек шиеленістері тәуекелі ретінде әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырыстарында бірнеше рет қаралған болатын.