Кәсіподақ жетекшілері Темір ауданы «Құмсай» кенішіндегі мұнайшылармен кездесті

Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы А.Әмірғалиев пен «Yntymaq» Салалық кәсіподағы Ақтөбе филиалының төрағасы С.Батталов Темір ауданына қарасты «Құмсай» кенішіндегі «КМК Мұнай» компаниясы жұмысшыларының жергілікті кәсіподағының мүшелерімен кездесті. Кездесуде А.Әмірғалиев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ерен еңбектері үшін бірқатар үздік мұнайшыларды алғыс хатпен марапаттады.

Ашық диалог форматында өткен басқосуда мұнайшылар өздерін толғандырған бірнеше сауалдарды ортаға салды. Олар басты үш талаптарын жеткізді. Осы кенішке жақын орналасқан маңдағы Көкжиде жерасты су қоймасын ластамау, экологиялық мәселенің алдын алу және екінші мәселе кен өндіру кезіндегі қауіпсіздік шараларының сақталуын, ұңғымалардың заторларын жабуды, үшіншісі ұжымдағы ауызбірлік пен ынтымақты нығайту үшін өзара түсінбестіктің алдын-алу мақсатында компанияның үш жетекші мамандарын, атап айтсақ, компанияның вице-президенті, бас инженері және кадр бөлімінің басшысын ауыстыруды талап етті.

Осы мәселелер оң шешілмеген жағдайда жұмысшылар желтоқсанның 25-де ереуілге шығатындарын айтып, хат жолдаған болатын. Осындай еңбек дауларының алдын-алу мақсатында өткен кездесуде кәсіподақ жетекшісі жұмысшыларды еркін диалогқа шақырып, Кәсіподақ пен Еңбек кодексі т.б. заңнамаларды түсіндірді, жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестік аясында келіссөздер жүргізді.

Осы үш талап та оң шешімін табатын болды. «Үшінші талап бойынша кадр бөлімінің басшысын басқа қызметке ауыстыру жайы қарастырылуда», – деді жұмыс беруші.