Желтоқсанның 24-і күні Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің отырысы өтіп, онда 2021 жылғы қызметінің қорытындылары қаралды.
Отырысты ашқан федерация төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Бас кеңес мүшелерін Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Тұңғыш Президенттің Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен еңбекшілердің құқықтарын қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастырудағы ерекше рөлін атап өтті.
«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – ел Тәуелсіздігінің символы. Бас кеңестің шешімімен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті «Кәсіподақтар федерациясының» жоғары наградасы – «Кәсіподақ даңқы» алқасымен марапатталып, есімі Кәсіподақтар федерациясының Даңқ кітабына енгізілді»,- деді Сатыбалды Дәулеталин.
Ол Елбасының атынан Кәсіподақтар федерациясына жолданған хатта Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс білдіріп, кәсіподақ қозғалысына жоғары баға бергенін оқып берді.
«Мені Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен арнайы құттықтап, игі тілектеріңіз бен жылы лебіздеріңізді жолдағандарыңыз және Кәсіподақтар федерациясының ең жоғары наградасы – «Кәсіподақ даңқы» алқасымен марапаттау жөніндегі шешімдеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Ел алдында атқарған еңбегіме жоғары баға беріп, сый-құрметіңіз бен ізет-ілтипаттарыңызды танытқандарыңызға көп рахмет! Еңбеккерлердің мүддесі мен құқығын қамтамасыз ету жолындағы Кәсіподақтар федерациясының жемісті жұмысына алдағы уақытта да мол табыс, баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін. Егемен еліміз бүгінгіден де биік жетістіктерге қол жеткізіп, береке-бірлігі жарасқан халқымыз өсіп-өркендей берсін!» – делінген Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың хат мәтінінде.
Бас кеңес мүшелері Елбасының кәсіподақ қозғалысына берген бағасын ыстық ықыласпен қабыл алды.
«Қоғамның әлеуметтік-экономикалық өмірі тез өзгеріп жатқан жағдайда кәсіподақтар жұмыстың жаңа форматтарын тауып, өз іс-әрекеттерін ретке келтіріп, еңбекшілердің құқықтарын қорғауда бұрынғыдан да мықты болуы керек», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Жиын барысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2021 жылдағы қызметі туралы федерация төрағасы Сатыбалды Дәулеталин баяндама жасады.
ҚРКФ төрағасы ең алдымен «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы» аясында бастауыш кәсіподақ ұйымдарын қолдау және еңбек ұжымдарымен «кері байланыс» жүйесін құру шараларына тоқталды.
«Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылын өткізу кәсіподақтардың рөлін арттыруға, кері байланыс орнатуға ықпал етті.
«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы кәсiподақтың қатардағы мүшелерiне өзектi проблемаларын тек қана ҚРКФ басшылығымен ғана емес, сонымен бiрге жұмыс берушiлермен, Парламент Мәжілісінің депутаттарымен және мемлекеттік органдардың өкілдерімен тікелей талқылауға мүмкіндік берді. Барлығы 984 кездесу өткізіліп, оған 57 мың кәсіподақ мүшесі қатысты. Бұл ретте 545 түйткілді мәселенің бірде-біреуі назардан тыс қалмады. 372 мәселе оң шешімін тапты, 173 ұсыныс заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс топтарына жолданды. Акцияның нәтижелері оның тиімділігін растады, сондықтан біз 2022 жылы бастауыш ұйымдарын онлайн аралау тәжірибесін жалғастырамыз», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Сондай-ақ ол «2021 жылдың үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» атағына республикалық байқау өткізілгенін еске салып, оған 400-ден астам бастауыш кәсіподақ ұйымы қатысып, оның 23-і жеңімпаз атанғанын айтты.
ҚРКФ төрағасы әлеуметтік әріптестікті дамыту жұмыстарына ерекше тоқталды.
Ол Бас келісімде көрсетілген кәсіподақтардың бастамаларын атап өтті.
«Біз Бас келісімге ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен арттыру, оны жыл сайын индексациялау, ХЕҰ-ның №131 конвенциясын ратификациялау және лайықты еңбек тұжырымдамасын іске асыру бойынша Жол картасын әзірлеу мәселелерін енгізуге қол жеткіздік. Қазіргі уақытта Еңбек министрлігі Іс-шаралар жоспарын бекітті, оны жүзеге асыруға белсенді ат салысуға тиіспіз. Біздің өкілдер ең төменгі жалақыны көтеру мәселесін қарастыру үшін жұмыс тобына қосылды», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ маңызды жетістіктерінің бірі – Кәсіподақтар федерациясының ел Президентінің 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін көтеру, сондай-ақ бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру туралы шешімі.
«Президент біздің ұстанымға бүкіл ел алдында нақты қолдау білдірді. Мемлекеттің елдегі ең ірі жұмыс беруші ретінде экономиканың барлық салаларында жалақыны арттырудың жалпы бағытын белгілеуі жақсы үрдіс», – деді ҚРКФ басшысы.
Әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссиялардың жұмысындағы оң өзгерістер де атап өтілді. Сатыбалды Дәулеталин айтқандай, бүгінгі күні ҚРКФ-ның бастамасымен өңірлік үшжақты комиссияларды әкімдер басқаруда, кәсіподақ орталықтары төрағаларының тең төрағалық ету тәжірибесі енгізілді, көшпелі отырыстар форматы қолданылады, әкімдіктердің сайттарында «Әлеуметтік әріптестік» атты арнайы бөлімдер ашылған.
Сонымен қатар, еңбек дауларының алдын алу және шешу бойынша бірлескен әрекеттердің Алгоритмін жүзеге асырудың маңызы атап өтілді. Бүгінгі таңда ҚРКФ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы Ситуациялық орталықтың жұмысына қатысуда, өңірлерде еңбек даулары тәуекелдерінің деңгейін талдайтын мониторингтік топтар құрылды. Сонымен қатар, қадамдық Алгоритмді бірлесіп енгізудің маңызы атап өтілді.
Бұл ретте Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ-ның 2021 жылы тіркелген барлық 73 еңбек дауында келіссөздер үдерісіне қатысуы келісімге тезірек келуге мүмкіндік бергенін баса айтты.
Ол ҚРКФ ұсыныстары негізінде Үкімет еліміздің мұнай сервистік кәсіпорындарындағы проблемалық мәселелерді шешу бойынша Жол картасын бекіткенін, сондай-ақ кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен Жаңаөзен қаласында Ведомствоаралық штаб құрғанын еске салды.
Еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеу саласындағы жұмыстың маңызды нәтижелері де айтылды. ҚРКФ төрағасының айтуынша, кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда ұжымдық шарттарды қамту 97 пайыздан астам.
«Кәсіподақтар бар жерде әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелері ұжымдық шарт негізінде реттеледі. 1895 ұжымдық шартта жалақының жыл сайынғы индексациясы белгіленді », – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы. Ол кәсіподақ басшыларын ұжымдық шарттардың сапасын арттыру жұмыстарын жандандыруға шақырды. Жұмыс берушілермен және Үкіметпен сындарлы диалогты дамыту мақсатында ҚРКФ төрағасы 2022 жылды «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялау туралы ұсынысын айтты.
«Әлеуметтік әріптестік жылы әлеуметтік әріптестіктің барлық бағыттарын жүзеге асыруды күшейтуге жаңа серпін береді», – деп атап өтті Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Кәсіподақ күн тәртібіндегі маңызды мәселе халықаралық ынтымақтастықты дамыту болып табылады. ҚРКФ басшысы бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеушілік бар екенін атап өтті.
2021 жылы ҚРКФ өкілдері халықаралық ұйымдардың іс-шараларына белсенді қатысты. Ресми сапармен Грузия, Швейцария, Бельгия, Өзбекстан және Әзірбайжанға барып қайтты.
«ХЕҰ ACTRAV Жұмысшылар қызметі бюросының директоры Мария Хелена Андремен, ХКК Бас хатшысы Шаран Барроумен және осы ұйымдардың құрылымдарының басшыларымен болған келіссөздер барысында халықаралық әріптестер ҚРКФ қызметіндегі оң өзгерістерді атап өтті әрі кәсіподақтардың әлеуетін дамытуда қолдау көрсетуге уәде берді. Кездесулер нәтижесінде ынтымақтастықты жалғастыру және бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімдерге қол жеткізілді. Грузия мен Әзірбайжанға сапарлар барысында ХКК және ЖКК мүшелігін қалпына келтіру мәселелері талқыланды. Шетелдік әріптестер ҚРКФ-ның ХКК мен ЖКК мүшелігіне өтуіне қолдау білдірді. Өзбекстан кәсіподақтар федерациясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қою маңызды қадам болды», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Орталық Азия елдері – Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан кәсіподақтары кеңесінің құрылуы тарихи оқиға. ҚРКФ Бас кеңесі ҚР Кәсіподақтар федерациясының Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесін құруға қатысуын мақұлдап, Орталық Азия аймағындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
«Біз халықаралық әріптестермен байланыстарды сәтті жаңғыртып қана қоймай, сонымен қатар ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын анықтай алдық. 2022 жылы халықаралық ынтымақтастық және шет мемлекеттердің кәсіподақ орталықтарымен, ХЕҰ, В. Фридрих Эберт, БҰҰ Ұлттық тұрақты үйлестірушісімен байланысты нығайтуды жалғастыратын боламыз. Алдағы жылдың басты міндеті – ҚРКФ-ның Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына, сондай-ақ Жалпыға бірдей кәсіподақтар конфедерациясына мүшелігін қалпына келтіру», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ төрағасы еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше көңіл бөлді.
«Қоғамдық бақылауды күшейту және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесін арттыру жөніндегі біздің ұсыныстарымыз «Қазақстан Республикасында қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарында» және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Еңбек министрлігі әзірлеп жатқан «2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының» жобасында көрініс тапты. Біздің бастамаларымыз Парламент Мәжілісі депутаттарының депутаттық сауалдарында да қолдау тапты», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Алайда, оның айтуынша, елімізде өндірістік жарақаттану жоғары деңгейде қалып отыр. Сондықтан төраға өндірістік кеңестер құру, техникалық инспекторлардың жұмысын ұйымдастыру бойынша белсенді жұмысты талап етті.
«Соңғы жылы республика кәсіпорындарында 1197 жұмысшы зардап шекті, оның 144-і үйлеріне оралмаған. Өндірістегі жазатайым оқиғаларды талдау жазатайым оқиғалардың басым бөлігі кәсіподақтар құрылмаған кәсіпорындарда орын алғанын көрсетті, ал 63% жағдайда жұмыс берушінің кінәсі жүз пайызды құраған», – деп атап өтті ҚРКФ басшысы.
Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтардың заңнаманы жетілдіруге қосқан үлесі туралы да баяндады.
«ҚРКФ ВАК аясында 45 заң жобасын қарауға, 96 нормативтік құқықтық актіні әзірлеуге және қабылдауға қатысты, 67 нормативтік құқықтық актілерге сараптама жүргізілді. Бірқатар заң жобаларына қашықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау, қоғамдық бақылау және әлеуметтік кодекс мәселелері бойынша ұсыныстар енгізілді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Бұл ретте ол еңбек заңнамасы шеңберінде еңбек қатынастары тараптарының мүдделерін оңтайлы үйлестіруге қол жеткізу үшін құқықтық жағдайлар жасау қажеттігін атап өтті.
Ал, құқық қорғау шаралары аясында кәсіподақтар 12533 кәсіподақ мүшесіне құқықтық көмек көрсетті.
Мамандарды даярлау жүйесін дамытуда кәсіподақтар тарапынан бірқатар маңызды қадамдар жасалды. 38 мыңнан астам кәсіподақ мүшелерін қамтыған 619 оқыту семинары өткізілді.
«Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі аясында Өзбекстан кәсіподақтар федерациясы жанындағы кәсіподақ академиясының базасында біздің өкілдерімізді оқытуға болатын бірыңғай білім беру хабын құруды ұсындық», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ақпараттық, гендерлік және жастар саясатын жүзеге асырудың жаңа тенденциялары, марапаттау іс-шараларын жетілдіру, ашықтықты қамтамасыз ету және ҚРКФ РКБ активтерін басқару үдерісіне мүшелік ұйымдарды тарту туралы айтты.
ҚРКФ басшысы алдағы жылға бірқатар басым міндеттерді жариялады.
«Елімізде ішкі бірлік осалдау. Кәсіподақтың қарапайым мүшелері бізден күтетін нәтижеге жету үшін жұмысымызды тиімді қайта құру қажет», – деді ҚРКФ төрағасы.
Ол ең алдымен салалық және өңірлік келісімдерді 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімнің ережелеріне сәйкестендіру мақсатында жаңартуды талап етті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары мен «Халықтық бақылау» жобасын одан әрі іске асыру және «Нөлдік көзқарас» тұжырымдамасына қосылу қажеттігі айтылды.Сондай-ақ заңнаманы жетілдіру, кәсіподақ кадрларын оқыту, кәсіподақтарды цифрландыруды дамыту және кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттыру бойынша жұмыс жалғасады.
Кәсіподақтар федерациясының жұмысы туралы есепті тыңдаған Бас кеңес мүшелері қол жеткізген жетістіктерді жоғары бағалап, Кәсіподақтар федерациясының қызметіне қолдау білдірді.
Атом саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Қасымжан Мәдиев кәсіподақтарды оқыту тәжірибесін одан әрі дамытудың маңызын атап өтті.
«Атом саласы қызметкерлерінің кәсіподағы кәсіподақ жетекшілері мен кәсіподақ белсенділерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөледі. ҚРКФ семинарлары қолжетімді және түсінікті екенін атап өткім келеді. Жұмысшыларды еңбекақы төлеу жүйесі бойынша оқыту бағдарламасына баса назар аударуыңызды сұраймыз», – деп ұсыныс жасады Қасымжан Мәдиев.
Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мирболат Жақыпов ҚРКФ бастамаларына қолдау білдірді.
«Кәсіподақтар өз жұмысында жаңа серпін – халықаралық қатынастардың, әлеуметтік әріптестердің, брендингтің жаңа тәсілдерінің жолға қойылуын сезінді. Біз Кәсіподақтар федерациясының барлық бастамаларын қолдаймыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа Кәсіподақтар федерациясының жоғары наградасын беру лайықты және дана шешім. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті 30 жыл бойы кәсіподақтарға жеке қолдауы мен қамқорлығын көрсетіп келді. 2022 жылды «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялау да өзекті әрі дер кезінде жасалған қадам», – деді Мирболат Жақыпов.
Қазақстан мұнай-газ саласы кәсіподағының төрайымы Елена Мұстафина Кәсіподақтар федерациясының атқарған істері аз емес деп, оң нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.
Ол жұмыс берушінің еңбекті қорғау саласындағы жауапкершілігін реттеу мәселесінде еңбек заңнамасын жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты.
Білім және ғылым қызметкерлерінің республикалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Айгүл Мұқашева ҚРКФ-ның халықаралық ынтымақтастықты дамыту шараларының маңыздылығына тоқталды.
«ҚРКФ делегациясының халықаралық ұйымдар мен шетелдік кәсіподақ орталықтарына сапары барысында барлық халықаралық сарапшылар Кәсіподақтар федерациясының қызметін жоғары бағалады. ҚРКФ-ның халықаралық ұйымдарға мүше болуы Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының дамуына жаңа серпін беретініне сенімдімін», – деді Айгүл Мұқашева.
«YNTYMAQ» салалық кәсіподағының төрағасы Қайрақбай Жаңабеков Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбек дауларын шешу және алдын алудағы жетістіктерін атап өтті.
Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Светлана Иманқұлова Кәсіподақтар федерациясының бастамаларына қолдау білдірді.
«Көп жұмыс атқарылды. Кәсіподақтар федерациясының есебі мазмұнды және егжей-тегжейлі болды. Сіз ұстанып отырған ашықтық саясаты үшін рахмет. Біздің алдымызда бұдан да жауапты міндеттер тұр. Біз алдағы жетістіктерге бірге ұмтыламыз», – деп атап өтті Светлана Иманқұлова.
Бас кеңес күн тәртібі аясында Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ этикасы кодексінің жобасы қаралды. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева Кәсіподақтар федерациясының Кәсіподақ этикасы кодексі кәсіподақ мүшелеріне, кәсіподақ қызметкерлеріне, Кәсіподақтар федерациясы және оның мүшелік ұйымдары сайланбалы органдарының мүшелеріне қатысты мінез-құлық нормалары мен ережелерін, сондай-ақ этикалық нормаларды сақтамағаны үшін айыппұлдар белгілейтінін айтты.
«Кодекс қоғамның кәсіподақ ұйымдарына деген сенімін нығайтуға, кәсіподақ қызметінде өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Осы құндылықтарды сақтау корпоративтік мәдениетті дамытуға көмектеседі», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.
Бас кеңес Кәсіподақтар федерациясының қаржылық қызметі туралы мәселені қарады.
ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеевтің айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы 2022 жылы аппарат пен облыстық кәсіподақ орталықтары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын айтарлықтай күшейтеді.
Атап айтқанда, индексацияланған жұмысшылардың жалақысын арттыру, жұмысшыларды медициналық сақтандыру, кәсіподақ қозғалысы ардагерлерін материалдық қолдауды арттыру, Кәсіподақтар федерациясының штатын кеңейту, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны нығайту қарастырылған.
Отырыстың күн тәртібі аясында Бас кеңес мүшелері Бас кеңестің құрамы туралы, ҚРКФ Атқару комитетінің құрамын ротациялау туралы, ҚРКФ жұмысының регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелерді бекітті, ҚРКФ Тексеру комиссиясының 2021 жылға арналған қызметі туралы ақпаратты тыңдады.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы