Күш – бірлікте

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттағы “Nur Otan” партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Мақсұт Нәлібаев: “Өздеріңізге белгілі, 2022 жылдың алғашқы онкүндігі мемлекетіміз үшін дүрбелеңге толы болды. Алайда, сарабдал саясаткер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шұғыл шаралар қабылдауының арқасында сындарлы күндерден аман өттік.

Отан алдында берген антына адал болып, қасық қаны қалғанша туған жерін қорғаған бүгінгі күннің батырларының есімдері ұлықталуда, сонымен қатар, осындай қиын кезеңдерде ұстамдылық танытқан Отандастарымызға алғыс айтылуда. Осының барлығы Президентіміздің жалпыхалықтық лозунгке айналған “Күшіміз – бірлікте!” атты ұранына дәлелдеме болатындай.

Қадірлі жерлестер! Ендігі қалған уақытта Еліміздің баянды болашағын қалыптастыру үшін барлық қажыр-қайратын жұмсап жатқан Президентіміздің барлық бастамаларын қолдау – біздің азаматтық парызымызға айналды. Тәуекелді кезеңдерден өттік, берекелі кезеңдерге жетуге жұмыс жасаймыз!

Мен, Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы және облыс бойынша “Nur Otan” партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесінің төрағасы ретінде баршаңызды бірлік пен ынтымақ ұстанымдарынан айнымауға, Президентімізбен бірге болуға шақырамын!”