Айқын мақсаттар қойылды

Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Баймұханов: “Барыс жылының алғашқы күндері қазыналы Маңғыстау түбегі халқының сұйытылған газ бағасының екі есеге қымбаттауына байланысты бейбіт наразылық акциясымен басталған-ды. Бұл бейбіт митингілердің ақыры еліміздің өзге өңірлерінде ішкі және сыртқы бүлікшіл топтардың жаппай мемлекеттік төңкеріс жасау ниетіндегі қылмыстық әрекеттеріне ұласуы қазақстандықтардың ауыр да азапты күндерді бастан өткізуіне тура келді.

Күні кеше ғана Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өткен бірлігі бекем, тәуелсіздігі тұғырлы егемен елімізге қауіп төнген тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықты сабырлыққа, бірлікке, тұтастыққа шақырып, террористік топтардың жымысқы әрекеттеріне тойтарыс беруге күштік құрылымдарды жұмылдыра білді. Қазақстан халқы ұжымдық шартқа сай достастық елдердің қолдауына сүйенуіне отырып, түсіністікпен және дер кезінде қабылданған өте маңызды әрі батыл шешім деп бағалауда. Деструктивті күштердің елдегі тұрақтылықты бұзып, тәртіпсіздік орнатуға әрекет еткен арам ойлары жүзеге аспай қалды.

Қазақта «Алтау ала болса, ауыздағы кетер, төртеу түгел болса, төбедегі келер» деген жақсы сөз бар. Президенттің жанына топтасып, оның батыл шешімдерін қолдаған халқымыз өз бірлігі мен ынтымағын сақтап қалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында терең мағыналы сөзін телеарнаның тікелей эфирі арқылы зейін қоя тыңдадым. Тәуелсіз Қазақстан өзінің даму тарихында ең ауыр күндерді бастан өткізгендігіне тоқталған Президент еліміз үшін жаңа – жаңару кезеңінің басталғандығын жария қылды. Ол Үкіметтің, мемлекеттік органдардың алдына еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуындағы жауапты да күрделі міндеттерді белгілеп берді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы қарапайым халықтың көкейінде жүрген ойларын ашық та бүкпесіз жеткізді. Қазақстанның өңірлері бірдей деңгейде дамып жатпағандығы, соның салдарынан кейбір аймақтарда әлеуметтік олқылықтардың байқалатындығына ерекше тоқталды. Президент соңғы күндері болған елдегі жағдай батыс және оңтүстік өңір халқын еңбекпен қамту деңгейінің төмендігіне алаңдаушылық білдіріп, бұны ұлттық мәселе ретінде қарастырып, денсаулық сақтау, білім мен мәдениетті де ұмытпау керектігін қаперледі. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, төрт өңір – Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Атырау және Маңғыстау облыстары республикалық бюджеттің донорлары, қалған 13-і − дотациялық өңір. Дамудың күретамырына қан жүгіртіп тұрған өңірлер баяулап қалса, өзге аймақтардың жағдайы тіптен күрделенетіні сөзсіз. Соңдықтан жаңадан қалыптасатын Үкімет ортақ бюджетке тәуелді аймақтарды көбейтпеудің қамын алдын ала жасағаны дұрыс.

«Жастар іс-тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін созып, еңбекақысын көтеру мүмкіндігін қарастыруды Үкіметке тапсырған Президент халықтың әлеуметтік осал тобындағы жастардың іскерлік басталамаларын іске асыруға жағдай жасаудың маңыздылығын да атап өтті.

Қ.Тоқаевтың ерекше көңіл аударған мәселесінің бірі – күш құрылымдарының қызметіне қатысты. Ол қарулы күштеріміздің, құқық қорғау құрылымдарымыздың, Ұлттық қауіпсіздік органдарымыздың, сыртқы барлау қызметтеріміздің жұмысын қайта құру қажеттігін ұсынды. Мемлекет басшысының қолдауымын елімізде «Қазақстан халқына» қоғамдық әлемуеттік қорын құрылатын болды. Аталған қордың денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге көмектесетіндігі белгілі.

Мемлекет басшысы шенеуніктердің халықпен диалог құра алмайтындығын сынға алып, Үкімет мүшелері мен әкімдер тұрғындармен үнемі байланыста болуы керектігін еске салды.

Иә, қоғамның басты құндылығы – адам болса, билік пен қоғам арасында азаматтардың барлық өтінішіне назар аударатын мемлекетті құру бүгінгі күннің басты мақсаты екендігі белгілі. Халықпен кері байланыс орнату, олардың өтініштерін сөзбұйдаға салмай, тез, әділ шешілуіне мемлекеттік органдар басшыларының назарын аударуы да жайдан-жай емес. Қазыналы аймақта экономиканың түрлі салаларында еңбек ететін жұмысшы-қызметкерлердің құқықтарын қорғап, мұң-мұқтажын шешуге мүдделі қоғамдық ұйым – облыстық кәсіподақ бірлестігі екендігі белгілі.

Кәсіптік одақтар бүгінде еңбек адамы – кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғау, еңбек жағдайындағы озбырлыққа жол бермеу, өз мүшелерін әлеуметтік қорғау, әділетті де лайықты жалақы төлеу, оңтайлы еңбек жағдайын жасау арқылы экономикасы нық, даму бағыты айқын азаматтық қоғамды құруда. Осы орайда, егеменді еліміздің көркеюі мен қарқынды дамуы өз қызметін абыроймен атқарып жүрген әріптестердің іргелі істеріне, оңтайлы шешімдеріне де байланысты. Атырау облыстық кәсіподақтар бірлестігі – бүгінде өз қатарына 84 мыңнан астам кәсіподақ мүшесін біріктірген 666 бастауыш ұйымнан құралады. Олар мұнай мен газ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да халық шаруашылығының 14 салалық кәсіподақтар ұйымдарының басын біріктіріп отырған облыстағы үлкен қоғамдық бірлестік. Салалық кәсіподақтардың да басты мұраты, негізгі мақсат-мүддесі бұл – еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтау, жалпы жұмысшы-қызметкерлер мен жұмыс берушінің арасындағы алтын көпір ретінде өз функциясын орындау.

Атырау өңірі соңғы бірнеше жыл бойы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша көшбастаушылар қатарында келеді. Бұрынғы кездермен салыстырғанда халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары едәуір жақсарды.Күні бүгін облыста 2,6 мың ұжымдық шарт тиімді жұмыс жасайды. Мұның бәрі адами капиталды дамыту мен ұлғайтуға бағытталған. Ұжымдық шарт негізінде әлеуметтік әріптестік арқылы қызметкерлердің тұрмыстық әл-ауқатын көтеру ұйымның басым бағыттарының бірі болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр шешімі елде бейбітшілікті орнатуға бағытталған. Президенттің біздің үмітімізді ақтап, өзіне жүктелген міндетті мінсіз орындайтынына сенемін.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзіне қатысты пікірлер мен жоспарлы жұмыстар облыстық газет редакциялары мен сайт беттерінде жарияланды.”