Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрт бірдей мүшесі Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы ұйымдастырған турнирге қатысты.
Ел егемендігінің 30 жылдығына орайластырылған дүбірлі додада Қазақстанның түпкір-түпкірінен ағылған ұстаздар тоғызқұмалақ пен шахмат ойынында бақтарын сынады. Айта өту керек, республикалық турнирге аймақтарда өткен іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанғандар жолдама алған.
Кіл мықтылардың кездесуінде Шет ауданындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейдің математигі Бибінұр Тоқмадидің бабы мен бағы қатар шауып, күміс жүлдегер атанды. Ұлттық ойынды бала күннен ермек еткен Бибінұр 7 ойынға қатысып, тек ақтық сында ғана алматылық спорт шеберіне есе жіберген.
Республикалық турнирде Жезқазған аймақтық кәсіподағының намысын қорғаған Азамат Өтембаевтың, Толғанай Әжібаева мен Мұхтар Қалкеннің де жеңіске деген жігері ескерусіз қалмады. Ұйымдастырушы – Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы арнайы ақшалай сыйлық пен Құрмет грамоталарын тапсырды.