Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы елордалық салалық кәсіподақтар құрылымы және ірі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларының қатысуымен Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысын онлайн форматта өткізді.
Ең алдымен Кеңес мүшелері Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінің негізгі тұстарын атап өтіп, оны іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Жұмыскерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, қолайлы еңбек жағдайын жасау және кәсіподақ мүшелерінің еңбек және заңды мүдделерін қорғауға арналған Үйлестіру кеңесі мүшелерінің алдын-ала жіберген ұсыныстары қаралып, ортақ талқыға салынды. Әзірленген ұсыныстарды ҚР Кәсіподақтар федерациясы жинақтап, ел Үкіметіне жолдайтын болады.
Отырыс барысында Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов салалық кәсіподақ құрылымы төрағаларына кәсіпорындарда еңбек заңдылығын сақтауды қадағалауды, олармен күнделікті байланыста болудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезеңінде зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін орталық қызметкерлері біркүндік еңбекақысын аударатынын жеткізді.
Бұдан басқа, ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2022 жылды «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялауына байланысты іс-шаралар жоспарын әзірлеу, «QAZAQSTAN KÁSIPODAǴY» газетіне жазылу барысы айтылды.