Павлодарда әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті

Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның қызметі Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 148-бабы негізінде жергілікті атқарушы органдардың, кәсіптік одақтардың аумақтық бірлестіктерінің өкілетті өкілдерінің, жұмыс берушілер өкілдерінің отырыстары нысанында жүзеге асырылады.

Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия өз құзыретіне сәйкес отырыстарда еңбек қатынастарын және әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттеу мәселелерін қарастырады; жалақы және әлеуметтік аударымдар бойынша берешек мониторингін, еңбек даулары мен жанжалдарға жол бермеу жөніндегі мониторинг нәтижелерін қарастырады; жұмыс берушілердің қызметкерлердің жаппай босатылуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдайды; еңбекті ұйымдастыру, еңбек қатынастарын рәсімдеу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек көші-қоны мәселелерін, еңбек жанжалдарында консенсусқа қол жеткізу бойынша келіссөздер жүргізу дағдыларын дамыту мәселелерін талқылайды.

Қызметкерлерді босату мәселелері мемлекеттік органдардың ерекше назарында, онда жұмыс берушілерден қызметкерлер санының алдағы қысқаруы туралы ақпарат түседі. Үшжақты комиссия хатшылығының ұсынысы бойынша «Қызылжар-Құс» ЖШС басшылығынан қызметкерлерді босату туралы келіп түскен ақпарат 2022 жылғы 21 қаңтарда облыс әкімінің бірінші орынбасары О.Круктың төрағалығымен өткен облыстық үшжақты комиссия отырысының қарастыруына шығарылды.

Отырысқа Комиссия мүшелері, Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Д.Айтжанова, «Қазметаллкәсіп» тау-кен металлургия салалық кәсіптік одағы» ҚБ Павлодар облысы бойынша төрағасының орынбасары Р.Даумова, «Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ төрайымы Г.Науразбаева, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ Павлодар филиалының төрайымы С.Төлегенова қатысты.

Комиссия мүшелері «Қызылжар-Құс» ЖШС директоры Р.Нұртазиновтың қолданыстағы еңбек заңнамасы аясында қызметкерлерді босатудың себептері мен рәсімі туралы хабарламасын тыңдады.

Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы, комиссия мүшесі Д.Айтжанова: «Қызметкерлерді босатуды жоспарлау мәселелерін оларды басқа жұмыспен міндетті түрде қамтамасыз ете отырып қарастыру қажет, мұны әлеуметтік жауапты жұмыс беруші қатаң сақтауы қажет», – деп атап өтті.

Комиссия жұмыстан босатылатын қызметкерлерге жалақыны және өтемақы төлемдерін уақтылы және толық көлемде төлеу мәселелерін қарастырды. Мәселені қарастыру қорытындысы бойынша комиссия Ақсу қаласының әкіміне жұмыстан босатылатын қызметкерлерді жұмысқа орналастыруға байланысты мәселелерді бақылауда ұстауды, еңбек басқармасына жұмыс беруші тарапынан жұмыстан босатылатын қызметкерлерге жалақы мен өтемақыны уақтылы төлеуді қамтамасыз етуді бақылауға алуды, жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасына жұмыстан босатылатын қызметкерлерді босату және жұмысқа орналастыру мәселелерін бақылауда ұстауды тапсырды.