Осы аптада Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжінің кәсіподақ төрағасы Асылбек Исмағұлов, Ақтөбе автожол колледжінің кәсіподақ төрайымы Алмажан Жиенғазина, «Күншуақ» балаларды сауықтыру лагерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнар Жумбасова және психикалық дамуы тежелген балаларға арналған облыстық арнайы түзету мектеп-балабақшасының кәсіподақ жетекшісі Ардақ Қарағойшина 2021 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Осы жылға жоспарланған мақсат-міндеттерімен бөлісіп, еңбек қатынастарына қатысты сұрақтарға жауап берді.
“Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжінің бастауыш кәсіподақ ұйымы үшін 2021 жыл табысты болды”, – дейді кәсіподақ көшбасшысы. Өткен жылы әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің нәтижесінде колледжде жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің жалақысына үстеме ақы қосылды. Оқу орнының кітапханашы, есепшілерінің еңбек демалысы 3 күнге ұзартылған.
Ақтөбе автожол колледжі, «Күншуақ» балаларды сауықтыру лагері мен психикалық дамуы тежелген балаларға арналған облыстық арнайы түзету мектеп-балабақшасында да былтыр ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Кәсіподақ ұйымы білім қызметкерлерінің құқығын қорғап, жан-жақты қолдау көрсетті.