Бүгін Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ кадрларының кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы алғашқы онлайн-семинары өтті. Еліміздің ірі мегаполистері Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қаласының кәсіподақ белсенділеріне кәсіподақ жұмысында көп жылдық практикалық тәжірибесі бар мамандар дәріс оқыды. Семинардың басты мақсаты – кәсіподақ мүшелеріне еңбек қатынастары бойынша білім беру, олардың кәсіби біліктілігін арттыру болып табылады.
Онлайн кездесуді Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ашып, кездесудің маңыздылығына тоқталып өтті. “Бұл семинарлар кәсіподақ идеологиясын ілгері бастырудағы стратегиялық шара. Оқыту семинарларының арқасында кәсіподақ мүшелері еңбек қатынастары мәселелері бойынша өз білімдерін кеңейтіп, оны қызмет барысында қолдануына зор мүмкіндік алады», – деп атап өтті Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары.
Семинарды әрі қарай, Кәсіподақтар федерациясының Ұйымдастыру және бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова жалғастырып, кәсіподақ қозғалысындағы көшбасшының рөлі аясында мағлұмат берді. Ләззат Айдарханқызы өз баяндамасында кәсіподақ көшбасшысының жұмысының ерекшелігі оқытумен, дамытумен, тәрбиемен, кәсіподақ мүшелерінің қызметіне басшылық етумен және бақылаумен байланысты екенін, оның жұмысының негізгі мазмұны – адамдармен белсенді қарым-қатынас жасаудан бастау алатынын айтты.
Кәсіподақ көшбасшысы өзінің жеке қасиеттерін зерттей және түсіне отырып, кәсіподақ жұмысын орындауға қойылатын жоғары талаптарға белсенді бейімделе алады. Тиімді әрекеттер мен кәсіби жетістіктерге кәсіби дағдылар, шыдамдылық, еңбекқорлық, табандылық арқылы қол жеткізіледі.
Сондай-ақ, семинар барысында Ләззат Айдарханқызы тұлғааралық қарым-қатынастың негізгі заңдылықтарын білу және оны қолдану жөнінде нақты мысалдарға тоқталып өтті.
Семинарды қорытындылаған ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев онлайн оқытулар кәсіподақ қызметкерлерінің дағдыларын арттыруға бағытталғанын айтты.
Семинар соңында қатысушылар еңбек қатынастарына байланысты көкейлерінде жүрген сұрақтарын ортаға салып, толыққанды жауаптар ала алды.
Айта кетейік, 2021 жылы Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ оқуын жандандыруға және жетілдіруге бағытталған бірқатар шаралар қабылдады. Әртүрлі санаттағы кәсіподақ қызметкерлері мен белсенділері үшін кәсіподақ оқуының бағыттарын анықтай отырып, оқыту семинарларының сұранысқа ие бағдарламалары әзірленді.
Салалық, аумақтық бірлестіктер мен Кәсіподақтар федерациясы аппаратының тәжірибелі қызметкерлері қатарынан лекторлар пулы құрылды.
2021 жылы Кәсіподақтар федерациясы мен аумақтық бірлестіктер кәсіподақтың 38044 мүшесін қамтитын 619 оқыту семинарын өткізді.
Ағымдағы жылдың шілде-қараша айлары аралығында кәсіподақтың білім беру марафоны аясында 89 оқыту семинары өткізілді, республиканың 17 өңірі мен 18 республикалық салалық кәсіподақ қамтылды, оған 10250 кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Сондай-ақ, мүшелік ұйымдардың кәсіподақ активтері үшін Павлодар облысының Кәсіподақ орталығының «Теориядан практикаға. Заңды күшіне енген Еңбек даулары бойынша сот органдары шешімдерінің кейсі» жобасы ұсынылды.
Кәсіподақтар федерациясының оқу орталығы жаңа жоба – Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ қозғалысы академиясын ашу бағытында жұмыс істеуде.