Кәсіподақ өзін-өзі дамыту орталығын ашты

Бұл Салалық кәсіподақтың бірегей жобасы. Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында ашылған кабинет “Қызмет” мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен жүзеге асырылды.

Салтанатты шараға Нұр-Сұлтан қаласынан келген “Қызмет” мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары А. Нұрланов, Салалық кәсіподақтың Ақтөбе облыстық комитетінің төрайымы М. Сағындықова, Ақтөбе облысының кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары М.Акимов және т.б. қатысты.

Орталықта кәсіподақ мүшелігіндегі мемлекеттік қызметшілер, уақытты тиімді пайдалану мақсатында интелектуалды ойындар ұйымдастырып, өзін жетілдіру бағытында тренингтерге қатысып, психологтардың кеңесіне жүгініп, танымдық фильмдер қарап, кітап оқып, өз ойларын ортаға салып, дамыту бағытында түрлі әдістерді игеріп, психоэмоционалды жағдайды қалыпқа келтіреді.

Салалық кәсіподақ төрағасының орынбасары Атақозы Нұрланов бұл жаңа жобаның  бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелері үшін пайдалы екенін, еңбек өнімділігін арттыруға, ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.