Түркістан төрінде Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған мерекелік жиын өтті

 

«Ақжайық» музыка мектебінде ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада Түркістан облысы әкімінің міндетін атқарушы Арман Жетпісбай өңірдің мемлекеттік қызметшілерін кәсіби мерекесімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Мемлекеттік қызметшілерге артылған жүк ауыр екеніне тоқталған Арман Шәріпбайұлы Түркістанды дамытуға үлес қосып жүрген әріптестерінің еңбегін жоғары бағалап, сый-құрмет көрсетті. Екі азаматқа ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін тапсырса, бірнеше мемлекеттік қызметшіге облыс әкімінің Грамотасы мен Алғыс хаттарын тапсырды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Өркен Балажанов та бір топ қызметкерді департаменттің Алғыс хатымен марапаттады.

Сонымен бірге «Қызмет» салалық кәсіподағының облыстық филиалының төрайымы Есебаева Күлдар Аралбекқызы «Қызмет» салалық кәсіподағының марапаттарын тапсырды.

Бұл мерекелік кештің ерекшелігі – концерттік бағдарламаны кәсіби өнерпаздар емес, мемлекеттік қызметшілер әзірледі. Басқарма басшылары, бас мамандар мен мамандар өнерлерін көрсетті. Рухани кеште қазақ композиторларының танымал әндері шырқалып, ақындарының өлеңдері оқылды. «Мемлекеттік қызметкер – бала көзімен» атты эсселер де жұртшылық назарына ұсынылды. Кәсіби мерекені мазмұнды етуге бар күштерін салған Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері өнерге бай, рухани әлеуеттері жоғары екендігін дәлелдей білді.