«Нефтяник» балалар лагерінің салтанатты ашылуы өтті. Салтанатты шараға «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Бас директоры Вэй Юйсян мен Жергілікті кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Самат Сәтов қатысты.
Жаздың шуақты күндерімен бірге «Нефтяник» балалар лагері өзінің кішкентай қонақтарына есігін айқара ашты. Кәсіподақ мүшелері балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру Акционерлік Қоғамның Ұйымдық шартында қаралған негізгі әлеуметтік бағыттардың бірі болып табылады.
Лагерде барлығы жеті маусым қаралған, әр маусым он күннен тұрады. Жаз бойы лагерде 2100 бала жазғы демалысын өткізеді. Лагерь табиғаты керемет сұлу жерде орын тепкен. Жатын орындары мен асхана санитарлық талаптарға сай жабдықталған. Дәрігерлер тазалықты күнделікті қадағалап отырады.
Балаларға арналған спорт зал, асхана, шағын кинотеатр, жазғы сахна да салынған. Сонымен бірге футбол, волейбол, теннис ойнауға арналған алаңдар бар. Лагерь аумағы өте кең болғандықтан, балалардың еркін ойнап, жақсы демалуына барлық жағдай қарастырылған.
Тәлімгерлер балалардың демалыстарын көңілді өткізуіне барын салуда.