Кәсіподақ қызметкерлерге лайықты өмір сүру үшін жағдай жасауға, соның ішінде балаларының демалысы мен сауығуына көмектеседі.
Осыған орай, Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Әмірғалиев пен «Қазхром» АҚ ТҰК жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Ә.Сотқаров Хромтау қаласында орналасқан «Дөң кен байыту комбинатының» «Мұғалжар» балалар сауықтыру орталығының жұмысымен танысты. Айта кетерлігі бұл орталық пандемия кезеңінде жабылып, бастауыш кәсіподақ ұйымының қолдауымен қайта ашылған.
Хромтау қаласынан 45 шақырым қашықтықта Мұғалжар тауының етегінде, әсем көлдің маңында орналасқан балалар сауықтыру орталығында «Дөң кен байыту комбинатының» жеті жастан он төрт жасқа дейінгі балалары төрт маусымда тыныға алады. Бір маусымда 300–360 бала он төрт күн демалып, тәулігіне 6 мезгіл тамақтанады.
Аталған орталықта балалардың демалуы үшін өте жақсы жағдай жасалған. Түрлі спорттық ойын алаңдары, жаттығу залдары спорт секциялары, кітапхана, физика кабинеті, 3D форматындағы кинотеатр, фитнес-залдары, мәдени шаралар өткізетін жазғы орындар талапқа сай замануи үлгіде жабдықталған.
Балалармен дене шынықтыру, бейнелеу өнері, би және жүзу бойынша кеңесшілер, менеджерлер жұмыс істейді. Олардың денсаулығын дәрігерлер мен медбикелер қадағалайды.
«Дөң кен байыту комбинатының» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Елтай Өтеғұловтың айтуынша, биыл «Мұғалжар» жазғы сауықтыру орталығына 35 жыл толады. Алдағы жоспарда қосымша ғимараттар құрылысын салу, абаттандыру жүргізу, балаларды қазақтың салт-дәстүрлеріне оқыту, соның ішінде ат спортын дамыту, жалпы алғанда кәсіподақ тарапынан балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға үлкен ден қойылмақшы. Оған «Қазхром» ТҰК АҚ кәсіподақ ұйымының қоғамдық бірлестігі де қолдау көрсетеді.