Үздік ұстаздар шипажайда демалды

Мамандардың тиімді әрі сапалы жұмыс атқаруы үшін оларға жақсы демалыс қажет. Денсаулығы мен моральдық-эмоционалдық жағдайы тепе-теңдікті сақтаған ұстаз ғана зерек шәкірт тәрбиелейді.

Осы орайда «Қазақстан Республикасының білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының» Орал қалалық филиалы жылдан-жылға жемісті еңбек атқарып келеді. Биылғы жыл да дәстүр бойынша қала ұстаздары, бастауыш кәсіподақтың белсенді өкілдері 50% жеңілдікпен Қазақстандық шипажайларға жолдама алды.

 

«Ақжайық» шипажайында ем алған №41 мектеп лицейінің химия пәні мұғалімі Лиза Мұқатаева және «Манкент» шипажайында болған №28 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Акбал Кеженова алған әсерлерімен бөлісті.

Ұстаздардың айтуынша, шипажайдың профилактикалық емдеулерінің арқасында иммундық жүйесін көтеріп, жаңа серпіліс алған. Шипажайлардың орналасқан жері, табиғаты, ас мәзірі толықтай көңілден шығарлық деңгейде. Демалушылардың денсаулығына ғана емес, рухани азық алып уақыттарын жақсы өткізу бағытында кешкі уақытта көптеген ойын-сауық кештер, концерттер ұйымдастырылады. Демалыс орнынан өте жақсы көңіл-күймен оралған ұстаздар кәсіподақ ұйымына алғыс білдірді.