Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Әмірғалиев: “Біз, Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының ұжымы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын бір кісідей жұмыла тыңдадық. Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған оң шешімдер айтылды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған басты мәселелер көңілімізден шықты. Ол “еліміздің ең басты құндылығы – адам. Біз еліміздің ынтымағы мен берекелі бірлігін қорғау жолында өзара ынтымақта болуымыз керек” деп атап өтті. Кәсіподақ жетекшілері еңбек адамдарының құқығы мен мүддесін қорғауға атсалысып, еңбек дауларының алдын алуға, саяси реформаларды сауатты іске асыруға қолдау таныту керекпіз деген ұстанымдамыз.
Ақтөбе облысында ірі кен орындарының, яғни өндіріс саласындағы жұмысшылар өз талабын қойып, жыл басынан бері жалақысы біраз өсті. Бұл бағыттағы жұмыстар кәсіподақтардың қолдауымен әлеуметтік әріптестік аясында әлі де жалғасын табуда.
Ақтөбеде өндіріс саласындағы жұмысшылар жалақыны жоғарылатуды, қалыпты әрі қауіпсіз еңбек жағдайын жасауды сұрап, ереуілге шыққаны мәлім. Өз құқығын қорғаған бастауыш кәсіподақ мүшелеріне біз әркез қолдау танытып, жұмыс берушілермен тікелей келіссөздер жүргізіп, жалақыны көтеруге мейлінше үлес қосып келеміз. Жолдаудағы әлеуметтік бастамалар жұмысшылардың ең төменгі жалақы мөлшерін одан әрі көтеруге септігін тигізетіні сөзсіз.
Жолдауда ең төменгі жалақыны 60 мыңнан 70 мыңға дейін көбейту тапсырылды. Ол Ақтөбе облысы халқының да тікелей табысының көбеюіне септігін тигізеді. Бұл өз кезегінде кез келген қазақстандыққа тікелей әсер ететін бастама деп айтуға болады.
Тағы бір айта кететіні, Президент әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысып отырғандар үшін жұмысынан айырылу бойынша төлемдердің айлық табысының 45 пайызына дейін өсетіні туралы да айтты. Бұл дегеніміз –мемлекет тарапынан үлкен қолдау. Аяқ астынан жұмыссыз қалуды болдырмау, жұмыссыз қалған жағдайда жалақысының 45 пайызын алып отыру – қарапайым еңбек адамы үшін біраз көмек деп ойлаймын“.