Ақтөбе облысының Жаңажол кенішіндегі вахталық поселкасындағы құрылыс-монтаж компаниясының жұмысшылары жұмыс берушілерге жалақыны көтеру туралы талаптарын қойды. Жұмысшылар талаптары орындалмаған жағдайда қыркүйектің 9-да Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласында бейбіт ереуілге шығатындықтарын мәлімдеген болатын.
Қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында кенішке Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы А. Әмірғалиев, облыстық еңбек инспекциясының басшысы А. Мырзалин барды.
Еңбек ұжымымен кездесу барысында жұмысшыларға еңбек заңнамасының нормалары мен еңбек дауын шешудің алгоритмдері және заңсыз ереуілге шыққанда оның жауапкершіліктері туралы кеңінен түсінік берілді.
Жұмысшылар ҚР ТКШ және құрылыс саласы еңбеккерлерінің Салалық кәсіподағы Ақтөбе филиалының құрамына енген бастауыш кәсіподақ мүшелері. Олар вахтадағы жұмысшыларға тұрмыстық жағдайды жақсарту, ас мәзірін дұрыстау, жалақыны көбейту мәселелерін көтерді.
Ашық диалог форматында өткен басқосуда тараптар өзара келісімге келді. Жұмыс беруші жұмысшыларға кеніште тамақтандыру жайын шешетін болды. Осыған дейін олардан тамаққа ақша ұсталып келген, енді оның біраз бөлігін жұмыс беруші өз жауапкершілігіне алады. Және ең бастысы, жалақыны 2023 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап өсіруді міндеттеріне алды.
КНИСГ компаниясының серіктестігі қытайлық инвесторларға қарасты. Жалпы жұмысшылар саны-242, оның 151 уақытша төленетін демалыста, шетелдік жұмыс күші-58 адам, кеніште 32 адам еңбек етуде.
Орташа жалақы – 188 мың теңгеден астам, кеніштегі жұмысшылар жалақысының мөлшері – 150 мыңнан асады.
Өндіріс тоқтаған жоқ, жұмысшылар келіссөздерден кейін жұмыстарына кірісті.
Жағдай тұрақты бақылауда.