Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында бірқатар кәсіпорындар мен ұйымдарды аралады.
ҚРКФ бастамасымен «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы осымен үшінші жыл өткізілуде. Осы уақыт ішінде Кәсіподақтар федерациясы басшылығының еліміздің еңбек ұжымдарымен 900-ден астам кездесуі өтті. COVID-19 пандемиясының қиын кезеңдерінде онлайн сапарлар түрінде басталған акция кәсіподақ мүшелерінің жұмыс орындарында тікелей кері байланыс алаңына айналды.
Петропавл облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Сатыбалды Дәулеталинмен кездесуге облыстың барлық өңірінен мәдениет қызметкерлері кәсіподақтарының мүшелері жиналды. Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының республикалық салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Светлана Иманқұлова мен оның әріптестері, мәдениет саласының өкілдері ҚРКФ төрағасына саладағы өзекті мәселелер туралы айтып берді. Олар мәдениет мекемелерінің, спорт ұйымдарының қосалқы қызметкерлерінің жалақысының төмендігіне, ауылдық жерлердегі жұмысшыларға өтемақы төлемінің жоқтығына қатысты болды.
Айтпақшы, бұл мәселелерді ҚРКФ төрағасы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысы барысында айтты. Аймақ басшысы жақын арада өтемақы төлеу мәселесін шешуге көмектесуге уәде берді.
«Мәдениет – халқымыздың рухани дамуының негізі. Мемлекетті дамытып, қуатты экономика құруға мәдениеті жоғары қоғамдар ғана қабілетті. Кәсіподақтар федерациясының үндеулері де назардан тыс қалмады, Мемлекет басшысының тапсырмасымен мәдениет және спорт қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын көтеріліп келеді. 2020 жылдың қаңтарында республикалық мәдениет, мұрағаттар ұйымдарында еңбекақы 50%-ға және жергілікті деңгейде осы ұйымдардың еңбекақысы 35%-ға өсті. Бұл мәселені одан әрі жүзеге асыру Кәсіподақтар федерациясының бақылауында», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚРКФ төрағасы, сондай-ақ, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, теміржол көлігі кәсіпорындары, ауыл шаруашылығы, білім беру және құрылыс саласы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен кездесті.
Кездесу барысында кәсіподақ комитеттерінің төрағалары «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының өзектілігін атап өтті.
«Біз қызметімізді Федерациямен үйлестіреміз, өз ұсыныстарымызды білдіруге, мәселелерімізбен бөлісуге мүмкіндігіміз бар. Ең бастысы, бұл кездесулер нәтиже береді. Федерацияның көмегінің арқасында дәрігерлердің, әсіресе, пандемия кезіндегі көптеген өткір мәселелері шешілді», – деді көпсалалы облыстық аурухана кәсіподақ комитетінің төрайымы Дарья Петрищева.
Өз кезегінде «Солтүстік Қазақстан Электр желістік Тарату Компаниясы» АҚ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ольга Рахматулина ҚРКФ «Еңбек адамы» арнайы акциясында кәсіпорын қызметкерлеріне көңіл бөлгені үшін алғысын білдірді және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының YouTube арнасын қызығушылықпен қарайтынын жеткізді.
Сатыбалды Дәулеталинді бастауыш кәсіподақ ұйымының 248 мүшесі жұмыс істейтін «Основание» ЖШС құрылыс мекемесіндегі жұмысшылардың еңбек жағдайы да қызықтырды. Бір қызығы, кәсіпорын директоры Сергей Тимофеев жұмыс берушілер қауымдастығы тарапынан әлеуметтік әріптестік туралы өңірлік келісімге қол қойғандардың бірі. Сондықтан кәсіпорында жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымы арасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
«Сіздің кәсіпорын облыста алғашқылардың бірі болып кәсіподақ ұйымының «Еңбек консультациялары» акциясын енгізді. Жұмыс берушінің барлық өзекті мәселелерді кәсіподақ комитетімен үйлестіріп, талқылап отырғаны мақтауға тұрарлық. Еліміздің ондаған кәсіпорындарында жүргізілген «еңбек консультацияларының» арқасында әлеуметтік шиеленісті жоюға мүмкіндік туды», – деді ҚРКФ төрағасы еңбек ұжымымен кездесуде.
Еске салайық, ҚРКФ басшысының Солтүстік Қазақстан облысына сапарының басты мақсаттарының бірі кәсіподақтардың қатардағы мүшелерімен жеке кездесіп, жергілікті жерлерде әлеуметтік әріптестік мәселелерін талқылау және кәсіпорын қызметкерлерінің өзекті мәселелерін шешуге көмектесу болып табылады.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы