Шымкентте «Бексұлу» бөбекжай-балабақшасының еңбек ұжымымен кездесу өтті

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясындағы кездесулер жалғасуда. Аталмыш акция аясында «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» РКБ Шымкент қаласы филиалының құрамындағы «Бексұлу» бөбекжай-балабақшасының еңбек ұжымымен кездесу өтті.

Бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездескен «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев қазіргі таңда жұмысшылардың мүдделерін қорғаудағы кәсіподақтардың рөлі жайлы және кәсіподақ еңбек адамының тірегі екенін айтты. Бүгінгі кездесудің еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Бұдан бөлек, кәсіподақ мүшелерінен жалақы мөлшері, еңбек жағдайлары туралы сұрады және білім саласы қызметкерлерін толғандырған сұрақтарына жауап берді. Сұрақтардың басым бөлігі қызметкерлердің денсаулығын жақсарту, әлеуметтік кепілдіктер және жалақыға қатысты болды.

Жиын соңында кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Кәсіподақтар Федерациясы тарапынан еңбек адамын ұлықтау, лайықты еңбек жағдайларын жасау, жұмысшылардың еңбек мүдделері мен құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де сөз қозғады. Сонымен қатар, кәсіподақтар орталығында Заң клиникасы мен «Татуластыру орталығының» жұмыстары туралы түсіндірме беріп, арнайы жадынаманы таратты.