ҚРКФ төрағасы: «Кәсіподақтар мәселелерді көтеру арқылы оларды шешу жолдарын ұсынады»

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин облыстың кәсіподақ активімен – аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің үйлестіру кеңесінің мүшелерімен кездесті.

Өңірлердегі әріптестермен кездесулер барысында ашық пікір алмасу болып, өзекті мәселелер талқыланып, ойлар айтылып, алдағы міндеттер белгіленеді.

Батыс Қазақстан облысының кәсіподақ көшбасшылары аймақтағы кәсіподақ ұйымдарының қызметіне тоқталып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының көмегінсіз шешілмейтін мәселелерді анықтады.

Мемлекеттік, банк мекемелері және халыққа қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының филиал төрағасы Серік Сүлеймен облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қолдану тәжірибесінің ахуалына тоқталды. Оның айтуынша, кірісі туралы декларацияны уақтылы ұсынбағаны үшін облыстың қырық мемлекеттік қызметкеріне тиісті хаттамалар ресімделіп, басшылары жұмыстан босатылса, оған дейін мыңдаған айыппұл төлеген.

«Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап қатаңырақ екені анық. Дегенмен, қарамағындағы қызметкердің теріс қылығы үшін қосарланған жаза қолдану заңды ма? Барлық мемлекеттік қызметшілер атынан Кәсіподақтар федерациясынан осы мәселені заңнамалық деңгейде шешуге көмектесуін сұраймыз», – деді Серік Сүлеймен ҚРКФ басшылығына.

ҚРКФ төрағасы атап өткендей, қазіргі уақытта Кәсіподақтар федерациясының заңгерлері мемлекеттік қызметшілерге қосарланған жаза тағайындау туралы осындай жағдайларды егжей-тегжейлі талдағаннан кейін еліміздің өңірлерінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңды қолдану тәжірибесінің жағдайына мониторинг жүргізуде, заңға өзгерістер енгізу арқылы мәселені одан әрі шешу үшін ҚРКФ Парламенттің жұмыс тобына тиісті ұсыныстар енгізеді.

Білім және мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіподақ көшбасшылары базалық лауазымдық жалақыны есептеу жүйесін қайта қарау қажеттілігіне және ауылдық жерлерде мәдениет және білім саласы қызметкерлеріне өтемақы төлемінің жоқтығына қатысты мәселелерді көтерді.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес облыстық мәслихат «Ауылдық елді мекенде кәсіптік қызметті жүзеге асыратын педагогтерге коммуналдық қызмет көрсету және бюджет қаражаты есебінен отын сатып алу тәртібін айқындау ережелерін бекіту туралы» шешім қабылдады. Оның қосымшасына сәйкес ауылдық жерде кәсіби қызметті жүзеге асыратын педагогтерге жылына бір рет 3 АЕК мөлшерінде бюджет қаражаты есебінен коммуналдық төлемдерді төлеуге әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Алайда, бұл төлем 2020 жылдан бері жүргізілмей келеді», – дейді Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Батыс Қазақстан облыстық ұйымының төрағасы Марат Даупаев.

Марат Даупаев көтерген мәселе бұрыннан бар. Осыдан бір апта бұрын Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет саласының қызметкерлері ҚРКФ төрағасына осындай сауалмен жүгінген болатын. Онда Сатыбалды Дәулеталин мен облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атсалысуымен мәселе оң шешімін тапты.

«Бұл төлемдер заңнамалық деңгейде қабылданады. Және заңдарды сақтау керек. Сондықтан Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік әріптестері ауылдық жерлердегі өтемақы төлеу мәселесін оңтайлы шешетініне сенімдімін. Мен бұған өз үлесімді қосамын», – деп сендірді ҚРКФ төрағасы.

Жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Әзіля Ілікпаева «Батыс су арнасы» кәсіпорнында жұмыс берушінің ұжымдық шартқа қол қоюды кешіктіруі туралы айтты.

«Бұрынғы ұжымдық шарттың мерзімі әлдеқашан бітті, ал жұмыс беруші жаңасын қабылдауды кейінге қалдырады, келіссөз үстеліне отырмайды. Еңбек кодексінде ұжымдық шарт 3 ай ішінде жасалуы керек деп көрсетілген. Біз сот жүйесіне жүгінуге тура келді. Сот шешімі кәсіподақтың пайдасына шешілді. Бірақ, жұмыс берушімен жаңа ұжымдық шартқа келісе алмай келе жатырмыз», – деп шағымданды жергілікті кәсіподақ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин әріптесіне жауап бере отырып, Кәсіподақтар федерациясы «Батыс су арнасы» кәсіпорнында жұмыс берушімен келіссөздер жүргізуге көмектесуге дайын екенін атап өтті.

«Ұжымдық шартты қабылдау жұмыс беруші мен кәсіподақ арасындағы маңызды келіссөздер үдерісі болып табылады. Алайда тараптардың бірі келіссөздер жүргізіп, ұжымдық шартқа қол қоюдан бас тартса, біз қосылып, көмек көрсетуге дайынбыз. Кәсіподақтар федерациясы сіздің кәсіпорындағы жағдайды зерттеп, алдағы уақытта бірлескен іс-қимылдар бойынша тиісті шешім қабылдаймыз», – деді ҚРКФ төрағасы.

Кәсіподақтар федерациясының құрамындағы кәсіподақ ұйымдарының ынтымағы тақырыбын жалғастырған Сатыбалды Дәулеталин бірлік пен жасампаздық кәсіподақтар идеологиясының негізгі қағидаттарының бірі екенін атап өтті.

«Өңірлердегі әріптестермен кездесулер – бұл проблемалық мәселелерді шешудегі, оның ішінде әлеуметтік әріптестермен бірлесіп жұмыс істеудегі күш-жігеріміздің жиынтығы. Кәсіподақтар мәселелерді көтеру арқылы оларды шешу жолдарын ұсынады. Біз «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» Стратегиямызда көрсетілген негізгі міндеттерді бірлесіп әзірлеп, жүзеге асырамыз. Кәсіподақтар федерациясы бастауыш кәсіподақ құрылымынан бастап барлық деңгейдегі мүше ұйымдарға консультативтік, құқықтық, ұйымдастырушылық көмек көрсетуді мақсат етеді», – деді ҚРКФ төрағасы Батыс Қазақстан облысының кәсіподақ орталығының үйлестіру кеңесі отырысының соңында.

 

ҚРКФ медиаорталығы