«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің қатысуымен Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Түркістан-Су» МКК-ның бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен онлайн кездесу өтті.
Кездесуге «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі төрағалық етті.
Өз кезегінде сөз алған «Түркістан-Су» МКК-ның басшысы Бауыржан Ділдәбеков бастауыш кәсіподақ ұйымы жайлы қысқаша ақпарат беріп, кәсіпорын мамандарының негізгі қызметі Түркістан қаласын сумен жабдықтау және су бұру қызметін көрсету екендігін айтты.
«Бүгінде ұжымда 200-ге жуық жұмыскерлер жұмыс істейді және олардың барлығы кәсіподақ мүшелері. Кәсіпорынның қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне кәсіпорын басшылығы көп көңіл бөледі. Соңғы үш жылда 30-дан аса жауапты қызметкерлер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша кәсіпорын есебінен арнайы оқытудан өткізіліп, сертификаттар алған. Кәсіпорында ұжымдық шарт әр 3 жылда бір рет қайта қаралып бекітілуде. Жұмысқа ынталандыру мақсатында ерекше еңбек етіп жүрген еңбеккерлерге түрлі сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталып, кәсіподақ тарапынан көңіл бөлініп отырады. Бұдан бөлек ұжымда әлеуметтік жағдайы төмен көпбалалы 30 кәсіподақ мүшесіне 600 мың теңгеге материалдық көмек көрсетіліп, 3 қызметкерге санаториялық емделуге көмек берілді. Сондай-ақ, кәсіпорынның үйлесімді жұмысының арқасында ұжымда еңбек даулары орын алмаған», – деді Бауыржан Ділдәбеков.
Кезекті сөз жергілікті кәсіподақ комитетінің төрағасы Бектас Шірікбаевқа берілді. Ол өз сөзінде кәсіпорында еңбекті қорғаудың барлық шарттары сақталғанын жеткізді, өз кезегінде мекемеде ұжымдық шартта белгіленген талаптар мен кепілдіктердің толық орындалып жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар, бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері үшін «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында өткізіліп отырған осындай кездесулердің маңыздылығын айтып, Кәсіподақтар федерациясына көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді.
Кездесуді қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бастауыш кәсіподақ ұйымының үйлесімді жұмысын атап өтіп, оң бағасын берді.
Сонымен қатар, әлеуметтік әріптестік жылы аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясының тарапынан еңбеккерлердің құқығын қорғауда бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстарын тілге тиек етіп, кәсіподақтар тарапынан атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарының бірі осы мәселе екендігін атап өтті.