Атқару комитетінің отырысында ҚРКФ бағдарламаларының маңыздылығы айтылды

Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы атқару комитетінің жаңа оқу жылындағы алғашқы кеңейтілген отырысын өткізді. Жиынға «Ақтөбе облысы кәсіподақтар Орталығы» аумақтық бірлестігі төрағасының орынбасары М.Әкімов, салалық білім кәсіподағының төрағасы Р.Серікова, аппарат мүшелері мен аудандық кәсіподақ көшбасшылары қатысты.


Кәсіподақ активі алдымен ел Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын талқылады.
“Президент Жолдауында күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жан-жақты қамтылып, салмақты саяси реформалар жарияланды. Білім саласы да назардан тыс қалмады.
Жолдаудың “ Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция” деп аталатын 3-ші бағдарында Президент білім беру жүйесіне қатысты көптеген күрделі мәселелерді көтерді.
Білімді ұрпақ – жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл сөз жалаң ұран болмауы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында біздің күшіміз жастардың білімінде екенін тағы бір есімізге салды”, – деді кәсіподақ төрағасы.

Жиын соңында жаңа оқу жылына жүктелген міндеттер нақтыланып, тиісті қаулылар қабылданды.

Аймақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Мұхтар Әкімов өз кезегінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен қолға алынған жобалар жайында әңгіме өрбітті. Федерацияның YouTube каналына тіркеліп, әрбір бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесіне ондағы жарияланымдарды көруге кеңес берді.

Кәсіподақ қозғалысының тынысымен таныстырып, саладағы өзекті мәселелелерді қамтитын, түрлі түсініктемелер мен тың тақырыптарға өрілген сұхбаттардан тұратын “Ойтүйін”, “Приоритеты” бағдарламаларының мән-маңызы жоғары екендігін алға тартты.