Жезқазған Аймақтық Кәсіподағының аппараты бүгін бірлігі мен тірлігі жарасқан, қаймағы бұзылмаған Ақтоғайдағы кәсіподақ мүшелерімен жүздесті.
Әдістемелік, құқықтық көмек көрсетудің жылдық жоспарына сәйкес ұйымдастырылған алқалы жиынды бастамас бұрын жұмыс тобы аудандық білім бөлімінің басшысы Сейіл Жүнісовпен жолықты. Бүгінде білім саласында еңбек етіп отырған үш мыңға жуықтаған қызметкердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, олардың жайлы да жағымды жұмыс жағдайын қамтамасыз еткен әлеуметтік әріптеске төраға Марат Қоңырбаевтың ыстық сәлемін жеткізген мамандар Сейіл Мінтайұлына ризашылық білдіріп, алдағы күні ұстаздардың құқығы мен мүддесін қорғау жолында нақты меже қойды.
Одан әрі К.Бәйсейітова атындағы орта мектепке ат басын бұрған кәсіподақ өкілдері Мұғалімдер күні қарсаңында өткізілген байрақты бәсекенің куәгері болды. Аталған білім ордасының қызметкерлері “Ынтымақ”, “Достық”, “Бірлік” командаларына бөлініп, волейбол ойнады. Ала допты алақанда ойнатқандар тамаша ойын өрнегін көрсетіп, намысты қолдан бермеді. Тартысты доданың қорытындысы бойынша жүлдегер командаларға І, ІІ, ІІІ орындарға тігілген ақшалай жүлде тапсырылды.
Одан әрі кәсіподақ мүшелерімен емін-еркін әңгімелесу форматында өрбіген жиында ел Президенті Жолдауының басым бағыттары түсіндіріліп, сала қызметкерлерінің сұрақтарына тұщымды жауап берілді, орынды ұсыныстарына құлақ түрілді.
Кәсіподақтың жұмысына оң бағасын берген К.Бәйсейітова мектебіндегі келелі кездесу марапаттау салтанатымен түйінделді. Ұзақ жылғы, адал еңбегі үшін кәсіподақ белсенділері аймақтық кәсіподақ пен Қазақстандық салалық кәсіптік одағының Құрмет грамотасымен еленіп, кеуделеріне “Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін” Белгісін тақты.