Ақтөбе облысында бастауыш кәсіподақ ұйымдармен кездесулер жалғасуда

Жуырда Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы А.Әмірғалиев Әлеуметтік әріптестік жылы аясында бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездесіп, олардың тұрмыстық жағдайларымен танысты. Көктауда Ақтөбе мыс компаниясы тапсырысымен 240 орындық жаңа заманауи үлгідегі жатақхана құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуге дайындалуда.


Жатаханада жатын бөлмелер мен тамақтану, демалыс бөлмелері және салауатты өмір салтын ұстанушыларға спортпен шұғылдануға арналған спорттық бөлмелер де арнайы жабдықталған.

«Жұмысшылар вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Олардың еңбек қауіпсіздігі мен тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын жақсарту, лайықты еңбек етуге мейлінше мүмкіндік жасау – кәсіподақтардың басты қағидалары. Біз бастауыш ұйым мүшелеріне Ақтөбе мыс компаниясында әлеуметтік әріптестік аясында нақты қолдау барына көз жеткіздік. Мына жаңа типті үлгідегі жатақханалар облыстағы басқа да вахталық әдіспен жұмыс жасайтын, әсіресе мұнай сервистік компанияларға үлгі болуы керек», – деп атап өтті жаңа жатақхананың құрылысын қараған Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Әмірғалиев.