Ұжымдық шарт – еңбеккерлердің құқығын қорғаудың негізгі құралы

Атырау облыстық Кәсіподақтар үйінде салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Қалың қалай, бастауыш ұйым» акциясы аясында мәдениет және спорт мекемелерінің басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары бас қосқан семинар болып өтті. Оны облыстық филиал төрағасы Гүлнар Шайхашева ашып, жүргізіп отырды.
Алпысқа жуық бастауыш кәсіподақ ұйым жетекшілері қатысқан аталған шара «Мәдениет және спорт мекемелеріндегі әлеуметтік әріптестікті жетілдіру (Ұжымдық шартты жасақтау тәртібі, еңбек қауіпсіздігі) мәселесіне арналды. Семинар жұмысына облыстық еңбек инспекциясының мамандары Самал Үбіғалиева, Гүлдана Мұқанова қатысты.


Күн тәртібінде сала қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігін сақтау, Ұжымдық шарттың мазмұнын жетілдіру, мекемелерде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңнамалық талаптардың сақталуын қадағалау, бақылау жұмысын жүргізетін инспекторлық қызметті штаттық кестеге сәйкес қарастыру, жұмыскерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тарту, басқа да мәселелер пікірталас өзегіне айналды.
Семинарда облыстық еңбек инспекциясы басқармасының ақпараттық талдау бөлімінің басшысы Самал Үбіғалиева мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жуырда халыққа арнаған Жолдауында жұмыс берушілер жұмысшы-қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына баса назар аударуды, ең төменгі жалақы деңгейін 70 мың теңгеге көтеру міндетін қойғанына тоқталды. Ол елуден астам қызметкері бар мекемелерде инспекторлық штат қарастырылуы қажеттігін, инспектор қызметін технкалық білімі бар мамандар атқаруы тиістігін сөз етті.

Аталған инспекцияның еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің бас маманы Гүлдана Мүқанова: «Мемлекеттік ұйымдарда орын алған жазатайым оқиға туралы ақпарат беріле берілмейді. Бұл дұрыс емес. Ереже бойынша 24 сағаттың ішінде ақпарат беру керек. Жеңіл, орта жазатайым оқиға орын алса, мекемеде құрылған арнайы комиссия қарайды, ал ауыр жағдайда еңбек инспекциясы араласады», – деді.

Мүгедектер спорт клубындағы кәсіподақ ұйымының төрағасы Манас Қожасов, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры кәсіподақ ұйымының төрағасы Архат Мұхамәжитов, Дина Нұрпейісова атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің кәсіподақ жетекшісі Анар Қазиева, Құрманғазы мәдениет сарайы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Биғамбаев, №1 және №3 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің директорлары Бимырза Тайжанов, Асан Раушанов, №1 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Руслан Шәріповтер сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ойларын ортаға салып, толғандырып жүрген сауалдарына тиісті жауаптарын алды.

​Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Еділ Ұзақбай шетелдердегі кәсіподақтар қозғалысының озық тәжірибесіне тоқтала келіп, бюджеттік мекемелердегі кәсіподақтың рөлі мен беделін көтеру, жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымы Ұжымдық шарт қабылдау барысында нендей мәселелерге басты назар аудару қажеттігіне тоқталды. Семинарға қатысушылар тарапынан туындаған өзге де сұрақтарға тұшымды жауап берді.

Басқосуды қорытындылаған салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Гүлнар Шайхашева еліміздің бірқатар облыстарында қабылданған үлгі алуға тұрарлық Ұжымдық шарттарды мысалға ала отырып, тиісті мекемелер басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілеріне әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау бағыттында жұмыс атқаруға, семинарда көтерілген ұсыныстар мен пікірлердің оң шешімін табуына бірлесіп қимыл-қарекет етуге әріптестерін шақырды.