ҚРКФ футбол командасы Орталық Азия кәсіподақтарының кубогы турнирінің тұғырына көтерілді

Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің (ОАЕКК) екінші отырысы аясында Ташкентте Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан кәсіподақтары қызметкерлерінің командаларының қатысуымен шағын футболдан турнир өтті. Кәсіподақ футболшылары Орталық Азия кәсіподақтарының кубогын сарапқа салды.

Турнир Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан кәсіподақ қызметкерлері арасында шағын футболды насихаттау және дамыту, кәсіподақ қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, кәсіподақ мүшелерін дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, сондай-ақ, сондай-ақ аймақ елдері кәсіподақ мүшелерінің дене дайындығы мен спорттық шеберлігінің деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Үш турнир күні ішінде ҚРКФ командасы айналмалы жүйе бойынша ойнап, Орталық Азия елдері кәсіподақтарының ұлттық құрамасы мен аты аңызға айналған Өзбекстанның «Пахтакор» клубының ардагерлері арасындағы жолдастық кездесуге қатысты.

Турнир қорытындысы бойынша ҚРКФ футбол командасы финалда алаң иелері – Өзбекстан кәсіподақтар федерациясының ойыншыларына 0:2 есебімен есе жіберіп, екінші орынды иеленді. Осылайша, бірінші турнирдегі ауыспалы кубок алаң иелерінде қалды. Тәжікстан тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының футболшылары жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Ал, «Үздік техникалық шеберлігі үшін» номинациясы бойынша Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының команда капитаны Бағлан Әшім үздік деп танылды. Оған бағалы сыйлықты кезінде әлем чемпионатының (FIFA) финалдық матчтарына төрелік еткен әлемдік деңгейдегі футбол төрешісі Равшан Ерматов табыс етті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир жыл сайын өткізілетін болады.

 

ҚРКФ медиаорталығы