Дүбірлі доп додасы ұйымдастырылды

Ұлытаудың баурайын бәсекеге толтырып, дүбірге бөлеген футбол жарысы Мұғалімдер күніне орай ұйымдастырылды.


Аудандық білім бөлімі мен Жезқазған Аймақтық Кәсіподағының Ұлытау ауданындағы филиалының төрағасы Канат Жылкыбаевтың бастамасымен өткен теңбіл доп тартысына сайдың тасындай іріктелген білім саласы қызметкерлерінен құралған 16 команда қатысты. Әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, ойында сәттілік тілеген ауданның бас педагогы Бағдат Абдраимов та ойыншылардың қатарынан табылды.

Тегеурінді тартыстың қорытындысы бойынша Егінді мектебінің командасы жүлделі І орынды жеңіп алды. #1 Ұлытау тірек мектебінің футболшылары күміс жүлдегер атанса, аудандық білім бөлімінің (Білім Бөлімі Ұлытау ) командасы үздіктер үштігін түйіндеді. Тамаша ойын өрнегін көрсеткен командалар құрамында шеберлігімен көзге түскен қоскөлдік Әбдіманат Бралин “Үздік шабуылшы”, байқоңырлық Өміржан Нұржанов “Үздік қақпашы” атанып, мадақталды.