«Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің» алғашқы семинары кәсіподақ тарихына бағытталды

Бүгін ҚРКФ «Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің» екінші оқу жобасы аясында салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері, мемлекеттік, банк мекемелері және халыққа қызмет көрсету қызметкерлері, атом өнеркәсібі қызметкерлерінің және орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының өкілдеріне арналған кезекті семинар өтті.

Семинарға қатысушылар әлемдік кәсіподақтар қозғалысының жай-күйімен таныстырылды. ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев кәсіподақтардың тарихы, оларды құрудағы негізгі мақсат пен Қазақстандық кәсіподақтардың өткені мен бүгініне қатысты бейнекөрсетілім ұсынып, өзекті мәліметтермен бөлісті.

Осы орайда Нұрлан Өтешев бүгінде халықаралық кәсіподақ қозғалысы қарқынды дамуда және еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөлге ие екендігін атап өтті.

«Жалпы, әлемдік кәсіподақтар қозғалысының, соның ішінде қазақстандық кәсіподақтардың тарихы терең, тәжірибесі мол. Сол тәжірибені бүгінгі қызметімізде пайдалану жолдарын қарастырып отырамыз. Кәсіподақтардың басқа мемлекеттік емес ұйымдардан басты айырмашылығы оның тарихы мен қызметінде қолданатын тәсілдері», – деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ, Нұрлан Өтешев Қазақстан кәсіподақтарының әлемдік кәсіподақтар қозғалысындағы рөліне тоқталды. Осы орайда Қазақстанға ХКК Бас хатшысының орынбасары Оуэн Тюдор бастаған Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Миссиясының делегациясы келгенін, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Миссия мүшелерімен кездескені туралы айтып өтті.

Жобаның авторы әрі үйлестірушісі, ҚРКФ Ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова қатысушыларға бүгінгі семинардың таныстырылым мақсатында өткізілгенін жеткізді.

Семинар тыңдаушылары кәсіподақ тарихы туралы ақпаратты қызығушылықпен қабылдап, шара соңында өздерінің сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Айта кету керек, Кәсіподақ көшбасшысы мектебі Кәсіподақтар федерациясының жаңа оқу жобасы болып табылады. Жобаға қатысушыларды іріктеу олардың соңғы 2019-2022 жылдарға кәсіподақ ұйымдарының басшылары болып сайлануын ескере отырып жүзеге асырылады.

Еске салайық, Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің оқу іс-шараларының бірінші циклі ағымдағы жылдың 27 сәуірі мен 22 маусымы аралығында өтті. Мектеп түлектері еліміздің бес облысынан: Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары болып табылады. Курс соңында түлектерге оқуды аяқтағаны туралы сертификаттар табыс етілді.