Кәсіподақ төрағасы ұлттық құрылтайдың отырысына қатысты

«Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев республикалық «Хабар» телеарнасының ұйымдастыруымен Ұлттық Құрылтайдың отырысына құрылтайдың мүшесі ретінде қатысты.

Онлайн форматта өткен алғашқы отырыста әрбір Құрылтай мүшелері мен өңірлерден қосылған қоғамдық кеңес мүшелері өздерінің ұсыныс ойларын ортаға салды. Ұлттық Құрылтай мүшесі, Шымкент қаласының қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Әлтеев «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы ретінде және өңір жұртының атынан бүгінде қоғам үшін өзекті болып тұрған «Еңбек адамына» қатысты ұсынысын жеткізді.

Жиында сөз алған Бауыржан Ілімшеұлы: «Еңбексіз адам да, қоғам да, мемлекет те дамымайды. Ол үшін жастарды бала күннен еңбекке баулып, еңбек адамдары қоғамға көбірек насихатталуы керек, біздің ТВ-де көптеген мәнсіз, берері жоқ бағдарламалардың орнына қарапайым еңбек адамдарының өмірі мен еңбек жолдары насихатталып, мал бағу мен құрылысшы болсаң да адал еңбектің адамы екені дәріптелсе. Қазіргі таңда еңбек адамын ұлықтап, оның еңбек жолын дәріптеп, қарапайым мамандардың үлгілі өмір жолдарын өскелең жастарға көрсететін бағдарламалар не болмаса жобалар жоқтың қасы. Отбасы, мектеп пен ЖОО-да еңбек адымын қалыптастыруда бірлесе жүйелі жұмыстар атқарылса. Қазіргі таңда еңбек адамының құқығын қорғайтын, оларды ұлықтайтын, мадақтайтын ұйым, ол еліміздегі – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы. Бүгінде бұл бағыт бойынша қатарында екі миллионға жуық мүшесі бар осы ұйым талмай еңбек етуде», – деді.

Басқосуда тыңдалған бұл ұсыныс көпшіліктің көкейінен шықты. Бұдан былай осы форматтағы жиын ай сайын өткізіліп тұратын болды.