Құрметті әріптестер! Қадірлі достар!
Барша кәсіподақ мүшелерін, кәсіподақ қозғалысының ардагерлерін, кәсіподақ активін, кәсіподақ еңбеккерлерін ортақ мерекемізбен Қазақстан Республикасының Кәсіподақтары күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздік алғаннан бері Кәсіподақтар федерациясы 16 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарында 2 миллионға жуық еңбеккерді өз қатарында біріктіріп отырған ең ірі қоғамдық ұйымға айналды.
Бүгінде кәсіподақтар еліміздің әлеуметтік-еңбек саласында өзекті мәселелерді шешуге толыққанды қатысу үшін сараптамалық және ұйымдастырушылық әлеуетке ие.
Кәсіподақтар өз қызметінде «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының стратегиясында көрсетілген бірлік, әділеттілік, Еңбек адамына деген құрмет қағидаларын берік ұстанады.
Әлбетте, кәсіподақтардың елеулі жетістіктерінің артында оның мүшелерінің, яғни Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен қажымас қайраттарыңыз жатқаны сөзсіз. Осы орайда барлық кәсіподақ мүшелеріне біздің қатарда ынтымақтастық пен бірлікті қалыптастыра алғандарыңыз үшін өз ризашылығымды білдіргім келеді.
Соның ішінде, еліміздің кәсіподақтар қозғалысының қайнар бастауында тұрған ардагерлерімізге күрделі де маңызды жұмыстарыңыз үшін, еңбеккерлердің мүдделерін қорғау жолында елеулі еңбектеріңіз үшін алғыс айтқым келеді.
Бүгінде Кәсіподақтар сіздердің салған дара жолдарыңызды жалғастырып, кәсіподақ қозғалысының негізгі принциптерін іс жүзінде қолдана отырып, белсенді жұмысын жалғастыруда.
Мәселен, өткен жылды бастауыш кәсіподақ ұйымдары жылы аясында өткіздік. Себебі, қарапайым еңбеккерлердің барлық мәселелері бастауыш ұйымдарда шоғырланған. Сондықтан Федерация тұрақты түрде «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясын ұйымдастырып отыр.
Сондай-ақ, кәсіподақ көшбасшыларының құзыреттілігін дамыту мақсатында Кәсіподақтар федерациясы «Кәсіподақ көшбасшысының мектебі» жобасын қолға алды.
Жастармен жұмысқа келер болсақ, талантты кәсіподақ жастарына қолдау көрсету үшін «30 Еңбек Елшісі» жобасы бастау алды. Біз кәсіподақтардың жас буын үшін маңыздылығын айтарлықтай арттырып, олардың бозбалалар мен қыздардың әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы рөлін күшейтіп, жастардың өзін-өзі танытуына қажетті жағдайларды қамтамасыз етуді мақсат тұттық.
Бүгінде елімізде әлеуметтік әділдік пен тұрақтылықтың сақталуы жолында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыс істеудеміз. Әрине, әлемдік әлеуметтік-экономикалық процестердегі жаһандық өзгерістер еңбеккерлер өміріне орасан зор ықпалын тигізіп, кәсіподақтар қозғалысына жаңа талаптар мен міндеттер жүктеуде. Дегенмен, кәсіподақтар барлық қиындықтар мен жеңістерді халықпен бірге бөлісіп, Әділетті Қазақстанның қалыптасуына белсенді қатыса бермек.
Сіздердің әрқайсыларыңыз барлық күш-жігерлеріңізді, ұйымдастырушылық қабілеттеріңізді Еңбек адамына қоғамда айрықша құрмет көрсетілуі мен құқығының қорғалуына жұмсап жүрсіздер. Сол жолда әділеттіліктен айнымай, соңдарыңыздан ерген жас буынға үлгі-өнеге көрсетіп келесіздер.
Бүгінгі мерекеде Сіздерге және отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге жеміс, зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін! Басты қағидаттарымыз бірлік пен ынтымақтастыққа негізделген дәстүріміз беки түссін!
Құрметпен,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин