Ұстаздар ұлықталған күн

Атыраудың «Думан» қонақ үйінің мәжіліс залында Кәсіподақтар күні мерекесіне орай өткен салтанатты жиынға қала мен аудандардан сала жетекшілері мен белсенділері және ардагерлері шақырылды.

Шарада қонақтарды «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы құттықтап, кәсіподақтың еңбек адамдарының мұң-мұқтажын, мүдделерін, еңбек құқығының бұзылмауын қадағалап, оған әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсететін, әрі қай уақытта да еңбек адамымен бірге екендігін жеткізді.

– Біздің мақсатымыз – жұмыскер мен жұмыс беруші арасында алтын көпір бола отырып, білім беру саласы қызметкерлерінің мүдделерін жан-жақты қорғау. Ұстаздар мен техникалық қызметкерлердің еңбекақысы, тарифтегі жүктемелері сақталуы ұдайы назарымызда. Осы уақытқа дейін 900-ге жуық кәсіподақ мүшесі еліміздің түрлі сауықтыру шипажайларына барды. Олардың үштен бірі тегін демалып қайтты. Бұрын соңды тәжірибеде болмаған білім беру мекемелеріндегі қарапайым техникалық қызметте жүрген 50 адам Атырау шипажайында сауықтыру шараларын алды. Төрт ұстазға Түркияда, Атырауда емделуге, апаттық жағдайға тап болған қостанайлықтарға демеушілік көмек көрсетілді.

Биылғы «Балалар жылы» аясында көпбалалы ұстаздар отбасы үшін кәсіподақтан 3,5 млн, қоғамдық негізде жұмыс жасайтын 100 бастауыш кәсіподақ ұйымы жетекшісін ынталандыру мақсатында әрқайсысына 30 мың теңгеден 3 млн теңге қаржылай сыйақы бөлінді. Кейде әлеуметтік әріптестік бағытында қарастырылған жайттардың орындалмай қалуы да кездеседі. Оларды тиісті мемлекеттік органдармен оң шешім табуына жұмыстанып отырамыз, – деді Қылышбай Сүндетұлы.

Кәсіподақ төрағасы адам жанын біліммен сусындатқан ұстаздық атты абыройлы міндетке зор жауапкершілікпен қарап, шәкірт жүрегінен берік орын алған атыраулық ұстаздардың бір тобына құрмет көрсетіп, түрлі дейгейдегі марапаттар табыстады. Облыстық ардагерлер кеңесінің «Халық қаһарманы» және қоғам қайраткері, офицер-ұшқыш «Хиуаз Доспанова» медалімен ардагер ұстаз Рысты Құмарқызы марапатталды.

​Білім беру жүйесіндегі көп жылғы адал еңбегі және салалық кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен Атырау қаласындағы М.Мөңкеұлы атындағы №6 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бақытжан Қабдешова, Х.Доспанова атындағы жалпы білім беретін орта мектеп мұғалімі Айман Қойшығұлова, Еркінқала орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлнұр Махамбетова, қаладығы №21 «Алтын кілт» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Амангүл Мұханова, Жамбыл атындағы орта мектептің АӘТД және дене шынықтыру пәні мұғалімі Жорғатай Салихов, «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен Индер ауданы «Көктем» қазақ орта мектебінің сарапшы-мұғалімі Айгерім Бегәлиева, Қ.Есқалиев атындағы орта мектептің педагог-зерттеушісі Ақмарал Тәжібаева,Құрмет грамотасымен Махамбет атындағы орта мектептің тарих, құқық пәндерінің жоғары санатты мұғалімі Қоныс Жаналисов, «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Гүлбану Дәуітова, Исатай ауданындағы Аққыстау орта мектебінің директоры Тамара Халенова, осы мектептің мұғалімі Гүлназ Батырова және басқалар ұлықталды. Сондай-ақ, «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Мәншүк Мұқашева ие болды.

Салтанатты жиында «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «КСРО Халық мұғалімі» Қ.Айтқалиев атындағы «Үздік педагогикалық қызметі үшін» төсбелгісімен Атырау қалалық комитеті филиалының төрағасы Бағытжан Мусағали, Индер, Исатай аудандық комитеті филиалдарының жетекшілері Қалжан Ахметова мен Қарылға Дүзбаева наградталды.