«Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы жұмыскерлерінің денсаулығын оңалту мен білімін жетілдіруді біріктірген бірегей жобасы мәресіне жетті

Қызылордадан «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының өндірістік жұмыскерлерінің бір тобы Түркістан облысында орналасқан «Манкент» шипажайына жол тартты.

Жолға шыққан жұмыскерлердің соңғы оқу тобы легіне компанияның кәсіподақ ұйымы төрағасы Бақытжан Мұқашева мен оқу бөлімінің маманы Ерлан Кикибаев бағдарлама жайлы әңгімелеп, демалысқа сәттілік тіледі.

Мұнайшылар шипажай базасында өндірістік қауіпсіздік және еңбек қауіпсіздігі бойынша оқу мен он күндік демалысты ұштастырады.

Денсаулығын оңалту мен жұмыскерлердің білімін жетілдіруді біріктірген бұл жоба «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамының кәсіподақ ұйымы бастамалауымен 2017 жылдан бері жүзеге асырылуда. Жобаның бірегейлігі – әлеуметтік әріптестер келісімі бойынша бағдарлама арқылы демалысқа жіберілген жұмыскерлердің демалыс күндерінде орташа жалақылары сақталып, сонымен қатар оларға іссапарлық шығындар төленеді.

Жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымының келісімді үйлестіруі нәтижесінде жоба аясындағы демалыспен бес жыл ішінде барлық өндірістік мың жарым жұмыскер қамтылды.

«Демалыс тобының барлығында компанияның оқу бөлімі жұмыскерлердің білімін арттыруға арналған үш күндік оқу бағдарламасын ұйымдастыруда. Білікті дәріскерлер қауіпсіздік тақырыптарында дәріс оқиды. Негізгі басымдылық жұмыскерлердің демалысын ұйымдастыру мен денсаулығын оңалтуға беріледі» деп әңгімеледі компанияның оқу бөлімінің маманы Ерлан Кикибаев.

«Осы жобаны ұсынып, іске асуына жанашыр болған кәсіподақ ұйымына алғыс айтамыз. Оқу да, демалыс та сәтті өтеді деген ойдамыз. Пандемия кезінде тоқтап қалған осы бағдарламаның қайта жалғастырылғанына қуандық. Бұған дейін демалысқа барып келген Әріптестеріміздің де ризашылығын жеткізгім келеді »деді компания жұмыскері Владимир Приходько.