Шымкентте Дүниежүзілік лайықты еңбек үшін әрекет күніне орай кездесулер өтті

Халықаралық еңбек ұйымының бастамасына сәйкес, 7 қазан – Дүниежүзілік лайықты еңбек үшін әрекет күніне орай ҚРКФ-ның «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен «Әділ еңбекақы» ұранымен «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының құрамындағы 6 бастауыш кәсіподақ ұйымында, атап айтқанда, Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы әкімінің аппаратында, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде, Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментінде, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының №1, №2, №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында 300-ге жуық қызметкерлермен кездесулер өткізілді.

Кездесулерде «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек, «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов «Ең төменгі және іс жүзіндегі еңбекақы мөлшерлерін арттыру, оның уақтылы төленуі, еңбекақы төлеудегі кемсітулерге жол бермеу мәселелері кәсіподақтардың жұмысында ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес» – деп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең төменгі жалақы мөлшерін 60,0 мың теңгеден 70,0 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімі, Кәсіподақтар федерациясының әртүрлі алаңдарда қазақстандық жұмысшылардың жалақысын дәйекті түрде жоғарылату бойынша бастама көтергендігінің арқасында жеткен жетістік екенін жеткізді.

Сондай-ақ, еңбек ұжымының өзекті мәселелері талқыланып, қатысушылардың еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау, айлық жалақының уақытылы төленуі, еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, еңбек және ұжымдық шарт талаптарының орындалуы мен қызметкерлердің өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты әлеуметтік мәселелері сөз етіліп, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен филиал төрағасы есептерін берді.