Әлеуметтік әріптестікті дамытудағы жетістіктер аталып өтті

«Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясында еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестікті дамытудағы жетістіктер аталып өтті. Компания жұмыскерлерімен арнайы кездесуде Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов компаниядағы кәсіподақ ұйымының жұмысы нәтижелері мен оның облыс көлеміндегі кәсіподақтар қозғалысындағы орынын атап өтті.

«Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы ірі өндіріс кәсіпорыны болып табылады және кәсіпорындағы жұмыскерлердің барлығы дерлік кәсіподақ мүшелері. Ағымдағы жылы компанияда жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасында 2022-2025 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шартқа қол қойылды. Жаңа келісімде әлеуметтік әріптестер жұмыскерлердің әлеуметтік, еңбек жағдайлары бойынша осыған дейінгі келісім шарттарын сақтап, қосымша міндеттемелер қабылдады.

Кәсіподақтар күніне орайластырылған кездесу барысында акционерлік қоғамның Мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі директоры Тілеуберген Шаутайға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісі, бірқатар кәсіподақ белсенділеріне Қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіподағының марапаттары табысталды.