Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығының Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиналысты БҚО Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова ашып, күн тәртібіндегі басты мәселелермен таныстырды. Үйлестіру кеңесінің мүшелері Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен Астана қаласында өткен «Бірлік. Әділеттілік. Даму» форумының видеоесебін тамашалап, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің бастамаларын тыңдады.
БҚО Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова «2022 жылғы күзгі сайлау науқанындағы ҚРКФ іс-әрекеттері туралы», “Еңбеккерлердің әл-ауқатын арттыру бойынша шұғыл іс-шаралар туралы” қарарлар жөнінде ақпарат беріп, форумда талқыланған мәселелерді жеткізді. Қарарда «Форумға қатысушылар Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел Президенті лауазымына кандидатурасы біздің талаптарымыз бен үміттерімізге жауап беретіндігіне сенімді. Барлық кәсіподақ мүшелерін сайлауға қатысуда белсенді азаматтық ұстаным көрсетіп, лайықты кандидатқа дауыс беруге шақырамыз!», – делінген. Кеңес мүшелері бұл бастамаға бірауыздан қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.
Сонымен қатар, БҚО Кәсіподақтар орталығының төрағасының орынбасары Бауыржан Атауов салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағаларын Қазақстан кәсіподағындағы өзгерістер мен соңғы жаңалықтардан хабардар болу үшін «QAZAQSTAN KASIPODAGY» газетіне жазылуға белсенді атсалысуға шақырды.
Үйлестіру кеңесінің мүшелері өз саласындағы өзекті мәселелер бойынша жұмыстар мен ойларын ортаға салды. Шара соңында салалық және жергілікті кәсіподақ мүшелерінің төрағаларына жоғарыда аталған мәселелер бойынша нәтижелі жұмыс жүргізу жүктелді.