Жезқазған аймақтық кәсіподағының төрағасы Марат Қоңырбаев кәсіподақ көшбасшысы Асем Айтжанованың белсенді қызметін “Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін” белгісімен атап өтті.
Кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауда белсенділік танытып, білім беру саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуда тыңғылықты да тындырымды ісімен дараланатын Әсем Бекенқызы «Еңбек адамына – лайықты өмір» қағидатынан бір еліге де алшақтамайды. Кәсіподақтың «кепілдеме болмаса, уәде берме», «кәсіподақ мүшелерінің сеніміне селкеу түсірме», «көмек сұрай келгеннің бетін кері қайтарма» ережесін қатаң ұстанғаны арқасында Балқаш қалалық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы абырой тұғырынан, бедел биігінен көрініп, тасы өрге домалап тұр. Балқаш қаласындағы білім ошақтарында еңбек дауларының орын алмауы, кәсіподақ мүшелерінің ынтымақ пен бірлікте жұмыс жасауы бұл сөзімізге кепіл.
Әсем Бекенқызы кәсіподақтың жарғылық міндеттерін орындауда қатаң жоспарға сүйенеді. Жоспарлаған әр ісін үлкен жауапкершілікпен ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізеді. Бастауыш кәсіподақ ұйымдары белсенділерінің құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жасаған жұмыстары ауқымды. Апта сайын ашық есік күндерін, оқыту семинарларын өткізіп, «Мектеп күні», «Балабақша» күні аясында ұжымдармен кездесіп, ондағы моральдық-психологиялық ахуалмен танысып, кәсіподақ мүшелерін толғандырған сұрақтарға жауап береді. Сонымен бірге, кәсіподақ мүшелерін ынталандыруды да жақсы жолға қойған. Атап айтар болсақ, жыл бойы білім саласы қызметкерлерінің қатысуымен спорттық, ағартушылық-мәдени, бұқаралық шаралар ұйымдастырылып, көпшіліктің көңілінен шығып жүр.