«Кәсіподақ көшбасшысының мектебі»: ҚРКФ қызметінің стратегиясын негізгі тетіктері талқыланды

ҚРКФ «Кәсіподақ көшбасшысының мектебі» оқу курсы аясында салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының, мемлекеттік, банк мекемелері және халыққа қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының, атом өнеркәсібі қызметкерлерінің және орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының кәсіподақ көшбасшыларына арналған кезекті семинар өтті.

Семинардың спикері, ҚРКФ Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы Сәруар Кенжеболат қатысушыларды ҚР Кәсіподақтар федерациясы қызметінің 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» стратегиясының негізгі аспектілерімен таныстырды.

«Кәсіподақтар федерациясы қызметінің стратегиясы 2020 жылғы 2 қыркүйектегі ҚРКФ ХХVI съезінде қабылданған болатын. Негізін «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» қағидасынан алады. Айта кетерлігі, ел Президенті осы екі қағиданы, яғни бірлік пен дамуды мемлекеттіміздің негізгі қағидалары ретінде атап өтті», – деді ҚРКФ Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы.

Сондай-ақ, Сәруар Кенжеболат Кәсіподақтар федерациясын құрудың жарғылық мақсаты мен міндетін де айтып өтті. Осы орайда мүше ұйымдардың кәсіподақ мүшелерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру және қорғау жөніндегі іс-әрекеттерін біріктіру және үйлестіру, сондай-ақ кәсіподақтардың қызметіне құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз етуге жәрдемдесу екендігіне тоқталды. Және де Федерацияға мүше ұйымдар өз қызметінде осы стратегияға жүгінетінін жеткізді.

«Кәсіподақтар қызметі Федерацияның стратегиясында көрсетілген миссия – жұмыскерлердің кәсіптік және әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін ұжымдық қорғау негізінде жүргізіледі. Кәсіподақтар жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін, әлеуметтік әріптестіктің жауапты тарабы болып табылады. Сонымен қатар, еңбек саласындағы жалпылама танылған халықаралық стандарттарды енгізуді ілгерілетеді және де еліміздегі азаматтық қоғам институттары мен шетелдегі кәсіподақ ұйымдарымен сындарлы өзара іс-қимыл жасайды», – деді Сәруар Кенжеболат.

Баяндамашы еліміздің әлеуметтік-еңбек саласындағы ахуалға да тоқталды.

«2020 жылы Федерацияға қатысты сыртқы органдарға талдау жасадық. Қазіргі таңда еңбек нарығында қандай экономикалық үрдістерге ден қойылғанын, қандай заңнамалық өзгерістер орын алып жатқанын бағаладық. Осы 5 жыл ішіндегі макроэкономикалық көрсеткіштерді алатын болсақ, жалпы ішкі өнімнің өсімі байқалды, жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан асқан жоқ, Тағы бір маңызды мәселе – бүгін біз еңбек министрлігімен және сарапшылармен жалақының ең төменгі мөлшерін анықтау мәселесі бойынша жұмыс атқардық. Бұл жұмыс өз жалғасын әлі де табады. Бұл мәселе біздің стратегиямызда да, Бас келісімде де көтерілген», – деді комитет төрағасы.

Сондай-ақ, ол кәсіподақ активтерінде құқықтық мәдениетті дамыту және ұйымдастыру жұмыстары мәселелеріне жеке тоқталды.

«Имидждік тұрғыдан қарайтын болсақ, кәсіподақтар еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғайтын ұйым ретінде өз жұмысын нақты көрсетуі қажет. Сонымен қатар, Федерация еліміздегі ең ірі қоғамдық бірлестік болғаннан кейін елімізде орын алып жатқан әлеуметтік-экономикалық салалардағы жағдайларға жүйелі бақылау жүргізіп отыруы керек. Әлеуметтік әріптестермен де байланыс нығайа түсуі маңызды», – деді Сәруар Кенжеболат.

Іс-шараның қорытындысында тыңдаушылар семинардың ақпараттық мазмұнын және талқыланған мәселелердің практикалық құндылығын атап өтті. Сонымен қатар, өздерін алаңдатқан сауалдарға тұшымды жауап алды.

Айта кету керек, Кәсіподақ көшбасшысы мектебі Кәсіподақтар федерациясының жаңа оқу жобасы болып табылады. Жобаға қатысушыларды іріктеу олардың соңғы 2019-2022 жылдарға кәсіподақ ұйымдарының басшылары болып сайлануын ескере отырып жүзеге асырылады.

Кәсіподақ көшбасшысын оқыту курсы 3 айға немесе 36 академиялық сағатқа есептелген, ол жұмыс жоспарына сәйкес аптасына 2 рет өткізіледі.

Оқу курсының соңында тыңдаушыларға Кәсіподақ көшбасшысының мектебін аяқтағаны туралы сертификаттар беріледі.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы