Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау кәсіподақ қызметінің басты бағыты болғандықтан, жұмыс орындарында осы міндеттерді мүдірместен орындап жүрген техникалық инспекторлардың кәсіби біліктілігін арттыру күн тәртібінен түспек емес. Қазақстандық салалық кәсіподақтың ұйымдастыруымен өткен “Ішкі бақылау – қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау құралы” тақырыбында онлайн оқыту-семинарына Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы филиалдарының техникалық инспекторлары белсене қатысты.
Айдарбек Бектабановтың модераторлығымен өткен жиында Гүлнәр Нарымбаева сөз алып, қатысушыларға білім беру ұйымдарында еңбекті қорғауды ұйымдастыру, еңбек заңнамасы хақында мол мағлұмат берді. Кәсіподақ белсенділерінің білімі мен тәжірибесін толыстырып, көкейдегі сұрақтарына нақты жауап берген оқыту-семинарының соңында мұндай кездесулер алдағы күндері жалғасын тапса деген ұсыныс-тілек айтылды.