Бейсенбі, 24 қараша күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының орталық аппаратында Қазақстанның мұнай саласы кәсіподақ белсенділеріне арналған семинар басталды. Мұнай кәсіподақтарының өкілдері екі күн ішінде Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаев 2022 жылғы 01 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауының негізгі аспектілеріне сүйене отырып, кәсіподақ қызметін жаңғырту және әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсарту жолдарын талқылайды.
Барлық мұнай өндіруші өңірлердің атынан келген әріптестерін қарсы алған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Сұлтан Қалиев кәсіподақ белсенділерін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында жеңіске жетуімен құттықтады. Ол Халықтық коалицияға кіру арқылы ҚРКФ қазіргі Мемлекет басшысының елде демократиялық, оның ішінде әлеуметтік және еңбек саласында реформалар жүргізу саясатын қолдағанын атап өтті.
«Президент Тоқаев бастаған мемлекетті жаңғырту да елдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын өзгертуге бағытталған. Бұл Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдары тарапынан бірнеше жылдан бері қолға алынып келе жатқан өте өзекті мәселе. Президент кәсіподақтардың пікірін тыңдап, кәсіподақ көшбасшылары бастаған демократиялық бастамаларды қолдайды», – деді Сұлтан Қалиев.
Семинар модераторы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының еңбек қатынастары жөніндегі сарапшысы Ләззат Есжанова қатысушыларды екі күндік бағдарламамен таныстырып, мұнай саласындағы кәсіподақ ұйымдары қызметінде тікелей пікір мен тәжірибе алмасуға шақырды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы департаменттерінің басшылары лекторлар болды.
Атап айтқанда, Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры Тимур Нұғманов семинарға қатысушылардың назарын Мемлекет басшысының Жолдауындағы еңбек қатынастарын дамытуға қатысты өзекті мәселелерге аударды.
Кәсіподақтар федерациясының ӘЕҚ және ӘӘ комитеті төрағасының орынбасары Айжан Ибраева кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылдың, келіссөздер жүргізудің және ұжымдық шарттарға қол қоюдың ерекшеліктеріне және жалпы әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелеріне тоқталды.
Кәсіподақтар федерациясының еңбек қатынастары жөніндегі сарапшысы Ләззат Есжанова еңбек даулары мен жанжалдардың туындауының алдын алу және шешу тақырыбына кеңінен тоқталды. Оның жетекшілігімен семинарға қатысушылар келісім комиссиясының жұмысын ұйымдастыру мәселелерін қарастырды, сондай-ақ кәсіподақ тәжірибесінен нақты еңбек жағдайларын талқылады.
«Еңбек заңнамасын баптар бойынша түсіндіру және қолдану тәжірибесі, еңбек жағдайларын бірлесіп талдау семинарға қатысушыларға өзекті мәселелердің мәніне тереңірек үңілуге мүмкіндік береді. Әдетте, мұндай миға шабуыл сабақтарында алған білімдері мен дағдыларын біздің тыңдаушылар тікелей кәсіпорындағы қызметі барысында өте сәтті пайдаланады», – деді Ләззат Есжанова.
Жұма күні семинар өз жұмысын жалғастырады, оның қатысушылары еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін қарастырады, кәсіподақ ұйымының табысты көшбасшылығының негізгі қасиеттерін анықтайды және ақпараттық кеңістікте жұмыс істеу дағдыларымен бөліседі.
ҚРКФ медиаорталығы