Кәсіподақ өкілдері құрылыс алаңында тас қалаушылармен кездесті

Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы және елордалық еңбек инспекциясының өкілдері «Este constraction» құрылыс компаниясының тас қалауашыларымен кездесті.

Спикерлердің әрқайсысы қарапайым еңбек адамының мүдделерін қорғау, әлеуметтік-еңбек қатынастарын нығайту, жұмыскерлерге қауіпсіз еңбек жағдайлары мен лайықты жалақыны қамтамасыз ету кәсіподақтар иен құзіретті органдардың тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Сонымен қатар, жұмысшыларға қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі еңбек заңнамасының жаңа нормалары мен ережелеріне түсініктеме берілді.

Құрылыс кәсіпорындарында өндірістік жарақаттану деңгейі өте жоғары болғандықтан, еңбек қауіпсіздігі мен қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша жұмысты бақылауға бас мердігер жауап беретін норма енгізілгені, енді орын алған жазатайым оқиға үшін барлық жауапкершілікті бас мердігерлер қосалқы мердігерлік ұйымдарға ауыстыра алмайтындығы айтылды.

Еске салар болсақ, жаз айынан бері әр түрлі құрылыс компанияларында еңбек ететін тас қалаушылардың белсенділері көрсетілетін қызметтердің құнын арттыруды талап етіп келеді. Елордалық тас қалаушылар өз құқықтарын қорғайтын кәсіподақ ұйымын құруды да көздейді.

Бұған дейін тас қалаушылардың мұң-мұқтажы Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы және Еңбек инспекция ұйымдастырған бірнеше отырыстарда тыңдалып, заң аясында кеңес берілді.

Және әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысында құрылыс орындарында тас қалаушылардың еңбек құқығын сақтау мәселелері қарастырылды.