Үшжақты келісім толықтырылды

Алматы облысының әкімдігі, кәсіптік одақтардың бірлестіктері, жұмыс берушілердің бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған үшжақты келісімге қосымша келісім жасалды.


Тараптар ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен мамандарына көтерме жәрдемақы және бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шараларын көрсету, қазақстандық мамандарға тең жағдайда артықшылық беру және шетелдік мамандарды қазақстандық мамандармен біртіндеп ауыстыру бойынша шаралар қабылдау, облыстық бюджетте аз қамтылған отбасылар қатарындағы жастарды ЖОО-на оқуға жіберу, кейіннен оларды ауылдық жерлерде жұмысқа орналастыру үшін қаражаттың бөлінуін қарастыру сияқты толықтырулар енгізуге келісті.

Сонымен қатар, келісімдер мен ұжымдық шарттарды қайта жасасу, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде жұмыскерлердің жалақысының, қызметкерлердің әлеуметтік жеңілдіктері мен кепілдіктерін келісім мен ұжымдық шарттарды қайта жасасу кезінде болған жағдайлармен салыстырғанда төмендетуге жол бермеу туралы өзгеріс енгізілді. Мереке, демалыс күндері түнгі уақытта үстеме жұмыс үшін еңбекке ақы төлеуді жұмыс беруші қызметкердің күндізгі (сағаттық) мөлшерлемесін негізге ала отырып, еңбек заңнамасында немесе ұжымдық шартта белгіленген мөлшерден төмен емес мөлшерде жүргізеді.

Ұқсас және бірдей біліктілікке сәйкес келетін жұмыстарды төлеу кезінде шетелдік және жергілікті қызметкерлер арасында еңбекақы төлеу саласында кемсітушілікке жол бермеуге ықпал ету, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында және/немесе ұжымдық шарттарда көзделмеген еңбекке ақы төлеу түрлеріне жол бермеу сынды толықтыруларда қамтылды.