Кәсіподақ жетекшісі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» басшылығымен кездесті

Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы А.Әмірғалиев «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Чжэнь ДАЮ және компания жұмысшыларының жергілікті кәсіподақ жетекшісінің орынбасары Самат Сатовпен кездесіп, әлеуметтік әріптестік аясында атқарылып жатқан жұмыстар, еңбеккерлерге кәсіподақ тарапынан жасалып отырған қолдаулар туралы ой бөлісті.


Кездесу барысында жұмысшылардың вахталық ауысымдағы еңбек және тұрмыс жағдайлары, тамақтану сапасын жақсарту, жалақы, еңбек қауіпсіздігі мәселелері көтерілді.

«Ең бастысы – еңбек дауларын уақытында ұтымды шешу үшін келісім комиссиясының құрамына міндетті түрде бастауыш кәсіподақ ұйымы өкілдерін енгізу керек», – деп атап өтті Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының жетекшісі А.Әмірғалиев.

Қытайлық инвесторлар елдегі келісімшарттың 3 жылға созылғанын, әрі ішкі нарыққа шикізатты өндірілетін өнім құнынан арзан бағаға беріп отырғандарын тілге тиек етті. Олар жұмысшылардың тамақтану сапасын жақсарту мақсатында жүйелі жұмыстар қолға алынғанын, аутсорсинг компанияның өзгеретінін, алайда осы саладағы 92 жұмысшының қысқармайтынын айтты.

Кездесу соңында мұнай компаниясының басшылары кәсіподақ жетекшісіне ашық диалог үшін алғысын бідіріп, жұмысшылардың өтініштері мен сауалдарын шешу мақсатында кәсіподақпен тығыз ынтымақта жұмыс жасап, сауалдар бойынша оң шешімдер қарастыратынын, сонымен қатар іс-тәжірибе алмасу мақсатында ақтөбелік кәсіподақ өкілдерін қытайлық әріптестерімен іскерлік байланыс орнатуға ниетті екенін жеткізді.

Кәсіподақ жетекшісі мұнай компанияларындағы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсарту, еңбек құқықтарын сақтау, заңсыз қысқартпау туралы өзара келісімдер аясында әлеуметтік әріптестікті нығайтуға ұжымдық шартқа қосымша кепілдемелер енгізуге ұсыныстар берді.