Кәсіподақ төрағасы еңбеккерлердің әлеуметтік мәселелерімен танысты

Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиев Исатай ауданында болып, мұндағы салалық кәсіподақтар жетекшілерімен, белсенділерімен кездесті. Аумақтық кәсіподақ орталығының төрағасы аудандағы әріптестерімен кездесу барысында тарих қойнауына енген өткен жылдың қорытындылары мен жаңа жылдағы міндеттер мен жоспарлары туралы әңгімелеп, ойларымен бөлісті.


Ашық пікір алысу барысында «Жайық мұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Кенжебай Айдарбеков, Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Исатай аудандық комитеті филиалының төрағасы Қарылға Дүзбаева Еңбек кодексінің кейбір баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, оқу-ағарту саласы қызметкерлеріне бір жолғы отын сатып алуға берілетін 5000 теңгелік көмек қаражат көлемін көтеру қажеттігі, жұмыс беруші мен қарапайым еңбек адамының арасындағы алтын көпірге айналған кәсіподақ ұйымдарының қоғамдағы рөлі мен жұмысшы-қызметкерлердің мүддесін қорғаудағы беделін арттырудың маңызы жөнінде пікір білдірді.

Ал мәдениет саласының байырғы қызметкері, кәсіподақ белсендісі Айымгүл Машаева, денсаулық сақтау салалық кәсіподағының жетекшісі Сандуғаш Таутанова мәдениет қызметкерлерінің мерекелерде, демалыс күндерінде жұмыс жасағандығына байланысты қосымша ақы төлеу, міндетті медициналық сақтандыру туралы заңдылықты жұртшылыққа кеңінен түсіндіру қажеттілігін тілге тиек етті.

Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиев кездесу барысында кәсіподақ жетекшілерінің айтқан ұсыныстары мен пікірлерін тиісті мемлекеттік органдарға жеткізуге, облыстық мәслихаттың сессиясында да көтеруге уәде етіп, бұл мәселелердің тұрақты назарында болатындығына сендірді.