Қарағандылық кәсіподақтар әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелерін талқылады

Қарағанды облысы мен Ұлытау облысының салалық және жергілікті кәсіподақтарының аумақтық құрылымдары өкілдерінің Үйлестіру кеңесінің жаңа 2023 жылдағы бірінші отырысы өтті.

Отырысты аша отырып, Қарағанды облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Болат Жұмабеков Үйлестіру кеңесінің мүшелерін 2023 жылғы 12 қаңтарда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың қатысуымен өткен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқасы туралы хабардар етті, онда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еліміздегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын жетілдіру және еңбек дауларының алдын алу, Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасын өзгерту жөнінде алдағы шаралар туралы бастамаларымен таныстырды және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын, ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру және сән-салтанатқа салынатын салықты енгізу жөніндегі ерікті бастамасы жағдайды өзгертудің жарқын мысалы болып табылатына ерекше назар аударды.

Қарағанды облысы мен Ұлытау облысы кәсіподақтарының өкілдері еңбек адамдарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған Кәсіподақтар федерациясының бастамаларын қолдайды.

Үйлестіру Кеңесінің күн тәртібіне сәйкес Болат Жұмабеков 2022 жылғы жұмыстардың қорытындылары туралы хабардар етті және Қарағанды облысының Кәсіподақтар орталығы Әлеуметтік әріптестік жылы атқарған жұмыстардың нәтижелерімен таныстырды.

Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау саласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 14 салалық кәсіподақтарының құрамына кіретін, 1322 бастауыш кәсіподақ ұйымдарын біріктіретін 162 376 кәсіподақ мүшесі бар кәсіподақ ұйымдары ұсынылған, бұл Қарағанды облысы мен Ұлытау облысының экономикалық белсенді халқының 25% құрайды. Ұлытау облысында 2022 жылдың 1 желтоқсанына жалпы саны 41 566 кәсіподақ мүшесі бар 400 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Есептік кезеңде Қарағанды облысының салалық және жергілікті кәсіподақтарының аумақтық құрылымдары өкілдерінің Үйлестіру кеңесінің 4 отырысы өткізілді.

2022 жылы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Қарағанды облыстық үшжақты комиссиясының 18 отырысының ішінде Қарағанды облысы әкімінің төрағалығымен – 12 отырыс, облыс әкімінің орынбасарымен – 6 отырыс, сондай-ақ, Қарағанды облыстық үшжақты комиссиясының жұмыс тобының бір отырысы Қарағанды облысының Кәсіподақтар орталығы төрағасының төрағалығымен өтті. Ұлытау облысында бірінші отырыс облыс әкімінің төрағалығымен өтті.

Үйлестіру кеңесінің мүшелері 2023 жылға арналған негізгі іс-шаралар кешенін бекітті, жақын арада шешілуі қажет мәселелердің тізбесін анықтады.

2022 жыл ішінде Кәсіподақтар орталығы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Қарағанды облыстық үшжақты комиссиясының отырысына қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін ілгерілету жөніндегі 9 өзекті мәселені енгізді, оның бірі – 2021-2023 жылдарға арналған Қарағанды облысының әкімі, кәсіподақтар (қызметкерлер) бірлестіктері, кәсіпкерлер қауымдастықтары және облыстың жұмыс берушілер арасындағы Облыстық келісімге өзгерістер енгізу туралы № 1 Қосымша келісімі. Онда ұжымдық шарттарға инфляция деңгейінен төмен емес мөлшерде жыл сайынғы жалақыны көтеру (индекстеу) туралы ережені енгізу бекітілген.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының тапсырмасы бойынша Үйлестіру Кеңесінің мүшелері Ұлытау облысы бойынша Аумақтық кәсіподақтар бірлестігін құру мәселелерін талқылады.

Талқылау барысында ашық диалогқа Ұлытау облысының білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының төрағасы Марат Қоңырбаев, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ноян Бидайбаев, Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің Салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалының төрайымы Алмакүл Өсерова, «Қарағанды облысының Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары, «KYZMET» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіптік одағы Қарағанды облыстық филиалының төрайымы Татьяна Шатохина, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев, Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің Салалық кәсіптік одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Айқын Ахметов, Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу ұйымдары мен мемлекеттік мекемелері қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының төрағасы Дархан Джузбаев және көмір өнеркәсібі қызметкерлерінің Салалық кәсіподағы аумақтық Кеңесінің Қарағанды өкілдігінің төрағасы Абай Сабденов қатысты.

Отырыс қорытындысы бойынша Үйлестіру кеңесінің мүшелері Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа отырысы барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамалары Қазақстан Республикасының әлеуметтік-еңбек заңнамасын жетілдіру, оның ішінде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпегені үшін жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейту мәселелерінде шешімдер қабылдау кезінде ескерілетіндігінің маңыздылығын атап өтті.