2023 жылғы 30 қаңтарда «Elorda Eco System» МКК өндірістік учаскесінде кәсіпорынның жергілікті кәсіподағының есептік жиналысы өтті.
«Elorda Eco System» МКК жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Айдос Хасеновтың төрағалығымен өткен отырысқа кәсіподақ мүшелері болып табылатын кәсіпорын қызметкерлері, «Elorda Eco System» МКК бас директоры Тимур Шоданов, кәсіпорынның басқарушы директоры Марат Маркабаев, Құрылыс кешені мен ТКШ қызметкерлерінің салалық кәсіподағы «Астана» қалалық филиалының төрағасы Тілеулес Мадьярова қатысты.
Айдос Хасенов кәсіподақ комитетінің 2022 жылға арналған жұмысын қорытындылап, еңбекақы және әлеуметтік кепілдіктер бойынша ұжымдық шарт талаптарының орындалуы туралы баяндады. Отырыста тексеру комиссиясының есебі тыңдалды. Тексеру комиссиясының төрағасы Бекзат Тәжібеков кәсіподақ бюджетінің кіріс-шығыс сметасының орындалуын, іс қағаздарының кәсіподақ жарғысына сәйкес жүргізілуін атап өтті.
Жиналысқа қатысушылар ұйымның кәсіподақ комитеті өз мүшелерінің мүдделері мен құқықтарын қорғау бойынша жоспарлы және мақсатты жұмыс жүргізіп жатқанын және есепті кезеңдегі кәсіподақ комитетінің жұмысын қанағаттанарлық деп танығанын атап өтті.
Кәсіпорын басшысы Тимур Шоданов кәсіподақ ұйымының оң жұмысын және олардың ұжымдағы корпоративтік тұрақтылықты нығайтуға белсенді қатысуын атап өтті, ұжымдық шартқа сәйкес 1 ақпаннан бастап жалақыны индекстеуді жүргізуге және кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын 20%-ға арттыру мәселесін қарауға уәде берді.
Филиал төрайымы Тілеулес Мадьярова Кәсіподақтар федерациясы, Салалық кәсіподақ тарапынан әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсарту және жалақыны индекстеуді заңнамалық тұрғыда бекіту, ең төменгі жалақыны белгілеу және арттыру, еңбекақыдағы олқылықтарды жою бойынша алға қойылған ұсыныстарға тоқталды. Ол кәсіподақ мүшелерін қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеуге, ұжымдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосып, тек заң аясында әрекет етуге шақырды.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушыларға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауына байланысты Үндеуімен таныстырды.
Жиналысқа қатысушылар ұжым үшін басқа да өзекті мәселелерді талқылады және Ұжымдық шарттың талаптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі комиссия құру, жұмыс берушінің жұмыскерлердің еңбек жағдайлары мен тұрмысын жақсарту жөніндегі іс-шараларды қосымша қаржыландыруын қамтамасыз ету бөлігінде шешім қабылданды.